МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМ
Posted by: Қалмұрат
in News, Білім саласы, Жас буын, Қоғам
13/11/2024
114 Views
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында 9-10-сынып оқушыларымен «Мамандығым – болашағым» тақырыбында танымдық іс-шара өткіздім. Мектебіміздің түлектері, қазіргі таңда түрлі мамандық иелері болып жүрген тұлғалар қатысқан осы шараның мақсаты – білім жүйесінің басты тармағын меңгеріп, келешекке қадам басқалы отырған білім алушылардың мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру болды.
Бұл шараға қазіргі таңда өңіріміздің белгілі салаларында қызмет атқарып, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген мектебіміздің түлектері, осы ауылдың тумалары: Жетісай ауданының құрметті азаматы, Республикалық журналистер одағының мүшесі Ж.Тілеуұлы, осы мектептің ардагер ұстазы: Б.Төлеманов, Жетісай аудандық білім бөлімінің бас есепшісі: Ж.Мырзабаев, «Жаңа дала» медициналық амбулаториясының бас дәрігері: А.Қойтанова, Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкері, мектеп инспекторы Н.Сманов, Спорт саласының майталманы, бапкер Б.Бақтияров келді.
Кездесу барысында қонақтарымыз өз мамандықтарының қызықты да, қиындыққа толы кезеңдерімен ой бөлісті. Мамандық таңдау себептері, мамандық таңдауға ықпал болған жағдайлары мен бала күнгі, жасөпірім шақтағы арман – тілектерінің қазіргі таңда іске асып жатқандығы туралы ойларын ортаға салды. Білім алушылардың ең қызығып қойған сұрақтары мамандық таңдауда нақты шешімді қалай қабылдау керектігі туралы болды.
Іс-шарамызға келген қонақтар өздерінің осы алтын ұя мектептен білім алып, тәрбие мен тәлім алып шығып, өмірдің сан тарау жолдарында, биік белестерінде алған білім мен тәрбиенің пайдасын көріп «өмір мектебінде» , «өмір соқпағында» сүрінбей, керісінше, еліміздің тыныштығын сақтап, салауатты өмір салтын ұстануына, еліміздің экономикасының дамуына, білім саласының өркендеуіне үлес қосып жүргендігін өздерінің ел алдындағы өтеп жүрген борышымыз деп санайтындықтарын айтып өтті.
Ал кездесуіміздің соңында мектеп директоры Г.Умбетаева сөз алып, кездесуге келген қонақтарға алғысын білдіріп, шәкірттерге мамандық таңдауда жаңылыспай жүрек үніне құлақ түре білу керектігі туралы пікірін білдірді. Қорыта айтқанда ос өткізілген кездесу Абай атамыз айтқанындай әсемпаздыққа әуестенбей, өнерпаз болуды мақсат етуге жетелейтін керемет сыр-сұхбат болды деп айтсақ артық болмайды.
М.САБЫРХАНОВ,
№44 «Жаңа дала» ЖББМ Кәсіби бағдар беруші маман.
2024-11-13