КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКЕН МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Әлеумет, Руханият
17/10/2024
3 Views
Мақтаарал ауданы, Бірлік ауылдық округіне қарасты Алғабас ауылында күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі халықтың пайдалануына берілді.
Мақтаарал ауданы үшін рухани маңызы ерекше бұл нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Насырханұлы Асанов қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. «Бұл тұрғыдан келгенде біздің көсіле сөйлеуімізге болады. Арғы ата бабаларымыздан қалған асыл мұралар, Қазақ хандығының іргесі қаланғаннан бергі жиналған жауһар дүниелер әлем алдында абыройымызды биіктетіп келеді. Соларды насихаттап, көкке көтеріп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан. Әрине, өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Десе де, мұражайлар мен кітапханалардың, театрлар мен концерттік ұйымдардың, халық шығармашылығы және мәдениет үйлерінің, қалалық және ауылдық клубтардың қызметкерлерінің, сондай-ақ ақындар мен жазушылардың рөлі ерекше. Олар қоғамымыздағы руханиятты дамытуға, игілікті, адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол ашып, үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға һәм молайтуға ерекше мән беріп келеді» – деді, Бақыт Насырханұлы.
Мәдениет үйінің ашылу салтанатында сөзге шыққан азаматтар – халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбегі бағаланатын елеулі күн ел өмірінің ең айшықты сәтіндей ыстық екенін, себебі қаламға серт еткен ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр, кино жəне опера əртісінің, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі ұмытылмақ еместігін айтты.
Айта кетерлігі конкурстық құны 307 миллион теңге болатын осы «Алғабас» мәдениет үйінің құрылысы 2023 жылы басталды. Оны «КазЖоба Консалтинг» ЖШС-і нысанды жобаласа, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған жаңа ғимарат екі қабаттан тұрады. 250 орындық концерт залы және үйірмелерге арналған бірнеше шағын залдар бар. 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, ғимаратта ауыл кітапханасы да орналасқан. Кітапқұмар балалар бос уақытын осында өткізеді.
Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында 9 мәдениет үйі бар. Қазіргі таңда Достық ауылдық округі, Ж.Қалшораев елді мекенінде және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі Ынталы елді мекенінде мәдениет үйін салу жоспарланып отыр.
2024-10-17