БАЛАЛАРҒА ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА НЕГІЗДЕЛГЕН БІЛІМ БЕРУ ЖАЙЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, Білім саласы, Жас буын, Қоғам, Руханият
20/11/2024
3 Views
Қазіргі уақытта білім беру ең жылдам қарқынмен дамып келеді, әр уақытта жаңа технологиялармен байытылуда. Педагогикалық үдеріске тиімді бағыттар мен жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу барысындажаңашыл әдіс-тәсілдер ерекше шабыт әкелді. Соған қарамастан, жаһандану заманымызда әр мемлекет өзінің менталитетін, ұлттық ерекшеліктерін сақтауға тырысуда. Ал біздің еліміз Қазақстанды бұл үдерістен (жаһанданудан) уақытпен қалыптасып, шыңдалған ұлттық құндылықтарымыз құтқарады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты мақсаты – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, тәжірибе мен ғылым жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру, жеке тұлғаны дамыту, ой-өрісі мен өзіндік санасын байыту арқылы жеке тұлғаның рухани, физикалық және шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, салауатты өмір салты мен адамгершіліктің берік негіздерін қалыптастыру үшін сапалы білім алуға жағдай жасау.
Осы негізде құндылықтарға негізделген білім беру бағдарламасы қабылданды. Құндылықтарға негізделген білім беру бағдарламасы – білім беру ұйымдарының эмоционалдық ортасын, білім беру процесіне барлық қатысушылардың санасын трансформациялауды, білім алушылардың рухани- адамгершілік дамуы үшін қолайлы орта құруды, оларда жалпы адами және ұлттық құндылықтарды тәрбиелеуді, академиялық үлгерімді арттыруды, әлеуметтендіруді, кәсіптік бағдарлауды, сыни ойлауды дамытуды, экологиялық мәдениетті, салауатты және қауіпсіз өмір салты мәдениетін қалыптастыруды қамтамасыз ететін мектеп өмірінің адамгершілік тәртібін қалыптастыруды көздейді.
Бұл міндеттерді орындау үшін оқытудың жаңа технологияларын енгізіп, тиімді жолдарынпайдаланып, қоғамда өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі жүзеге асыру деңгейін арттыру қажет. Еліміздің әрбір азаматы білім алу құқығына ие бола отырып, білім беру, тәрбиелеу, дамыту, әрбір оқушының бойында ұлттық құндылықтарды қастерлеуді, ұлттық тәрбиенің ерекшеліктерін қалыптастыру процестеріне дидактикалық жағдайларды қамтамасыз ету қажеттілігі артып отыр. Ұлттық құндылықтар – ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз, халқымыздың мәдениеті мен өнері. Жаңа ұрпақтытәрбиелеу мен оқытуда ұлттық құндылықтарды озық технологиялармен байланыстыра отырып, әрбіржастың бойына ұлттық патриот, өз-өзіне сенімді тұлға тәрбиелеу қажет. Ал қазақ ағартушысы М.Жұмабаев тәрбиеші баланы өмір сүріп, жасайтын ұлт рухында тәрбиелеуге міндетті екенін білдіріп, «Ұлт тәрбиесі – баяғыдан бері сыналып келе жатқан соқпақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» -деп жазса, қазақ ғалымы Жүсіпбек Аймауытов: «Мектеп бітіріп шыққан соң бала әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің көздейтін түпкі мақсаты – осы.
Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек» деп пікір қалдырады. И.Г.Песталоцци: «Оқытудың әдістемесін дұрыс ұйымдастыру және ұлттық тілдегі оқу құралдары мен оқулықтардың мазмұны адамның санасы мен ойлауының қалыптасуына, оның дұрыс дамуына ықпал етеді» деп атап көрсетті.
Балаларды тәрбиелеу мен оқытуда мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі, кемел кәсіби дайындығы сияқты қасиеттеріне, іскерлік тәжірибесінің жетістіктеріне сүйену қажет. Көптеген елдердің білім беру жүйесінде балаларды тәрбиелеудегі салалардың басым көпшілігі қатаң бақылауда. Мысалы, американдық білім беру жүйесіндегі басты жауапкершілік – өз елінің лайықты азаматын тәрбиелеу, сондай-ақ жаһандық экономикадағы бәсекеге қабілеттілік ұстанымдарын, қабілеттері мен дағдыларын меңгеру.
Француз білім беру жүйесі білім алушылардың болашақта мәдени даму үшін жаңа білімге деген ұштарлығын қалыптастыруға бағытталған. Ондағы әрбір мектеп жас шектеулері мен менталитетінің ерекшеліктеріне қарамастан, мәдениетті дамыту мен тарату орталығы болып табылады. Жапонияда оқушының жеке басын құрметтеу өте маңызды. Ол сонымен қатар көпұлтты ақпараттық ортаға жақсы бейімделу және заманауи өмірге жақсы дайындық үшін оқушылар мен студенттердің оқуын өз мектебінің қабырғасында жалғастыруға деген ұмтылысын қолдайды. Грекия бірқатар реформалар мен қайта құрулардан кейін рухани-адамгершілік қағидаттарды ұстанатын, физикалық дамыған және дені сау, діни өзін-өзі ұстанатын, еркін ойлайтын және жауапты азаматты, патриотты қалыптастырудың заманауи үлгісін құруға қол жеткізді.
Орыс мектептерінде тәрбие мен білім беру жүйесіндегі басты және маңызды бағыт – рухани қажеттілік үшін балаға жеке қызығушылықты жоғары деңгейде дамыту болып саналады. Бұл мәселедегі ең маңызды ереже – қазақтардың болмысына жат шетелдік нұсқауларды үлгі, эталон ретінде алмау, керісінше, мектеп жүйесінде ұлттық идеяға, ұлттық және жалпыадамзаттық мүдделер мен мақсаттарға, рухани-мәдени құндылықтарға, жеке тұлғаға негізделген негізгі философиялық тұрғыдан үздіксіз білім беру жүйесін қалыптастыру. Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы геосаяси орны, ана тілі мен ұлттық мәдениеттің кеңестік кезеңдегі жағдайы, елдің көпмәдениетті және көпконфессиялық ерекшеліктері, ұрпақ тәрбиесіндегі халықтың рухани құндылықтары, ұлы ойшылдар мен ағартушылар толғаулары үздіксізбілім берудің ұлттық жүйесін құруды талап етеді.
Ұстаз – ұлттық құндылықтар негізінде ұлттық тұлғаны, өз елінің патриотын тәрбиелей алады. Ұлттық құндылықтар арқылы оқыту – жас ұрпақты халықтық дәстүр мен әдет-ғұрыпты құрметтеу рухында тәрбиелеу, мінез-құлқын, қоршаған ортамен қарым-қатынасын қалыптастыру. Тәуелсіз Қазақстанға ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиеленген, ел патриоты, ұлттық педагогика мен жалпыадамзаттық құндылықтардың рөлін сезінетін азаматтар қажет. Мәдениетін, салт-дәстүрін, дінін,тарихын, тілін, халқын, туған жерін, мемлекетін құрметтейтін, туған жері үшін білімі мен қабілетін құрбан етуге дайын тұлға тәрбиелеу керек. Мағжан Жұмабаев: «Баланы тәрбиешісінің дәл өзіндей қылып шығармай келешек заманына лайық қылып шығару керек» деген сөзінде тәрбие қағидаларын келешек заман талабымен байланыстырады. Қазақ халқының тәлім-тәрбие дәстүрі басқа халықтардың салт-дәстүрінен кем емес. Ендеше өскелең ұрпақты баға жетпес халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар рухында тәрбиелей отырып, оларды жеке тұлға, ұлтжанды, азамат етіп қалыптастырудың аса маңызды негіздеріне баулуымыз керек.
Мейрамхан ҚҰРБАНБАЙ,
Ә.Жангелдин атындағы №27 ЖББМ-нің аға тәлімгері. Жетісай ауданы.
2024-11-20