«ТАРИХЫҢДЫ ТАНЫ – ТҰЛҒАҢДЫ ҚҰРМЕТТЕ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Мерекелік шара, Руханият
21/11/2024
2 Views
Кез-келген халықтың ұлттық рухы мен ұлттық санасы, рухани, мәдени асыл мұрасы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи болмыс-бітімі тарих бедерінде таңбаланып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жаңғырып, дамып отырады. Тарихы жоқ елдің – тамыры жоқ. Қазақ халқының тарихы көне замандардан тамыр тартып, сан мыңдаған жылдардан сыр шертеді. Қара тасқа қашалып жазылған қатпар-қатпар тарихы бар қазақ ауылдарынан түгін тартсаң түбінен көненің көмескіленіп қалған жақұтын көріп, ғасырлар қойнауында шаң басып жатса да өзінің құндылығын жоймаған. Сол асылдың шаңын сүртіп, жарқыраған күйінде келер ұрпаққа аманаттау – бүгінгі буынның басты парызы.
Өткенін біліп, келешегін бағдарлайтын жас өркеннің сан ғасырлық тарихының тереңіне бойлап, туған жерге деген сүйіспеншілігінің арта түсуіне ықпал жасайтын мамандық иелері ретінде кітапханашыларымызды айта аламыз.
Жетісай ауданына қарасты Қарақай ауылдық округі, Сәтпаев ауылдық мәдениет үйі кітапханашыларының ұйымдастыруымен «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» атты облыстық акциясы өтті.
Ауыл кітапханалары арасындағы әріптестік қарым-қатынасты нығайтып, өз өлкесінің әр саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан бабалар мен отаншыл, елжанды азаматтарды өскелең ұрпаққа таныту, киелі, қасиетті мұраларын кеңінен насихаттау мақсатында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының бастамасымен жүзеге асып жатқан жоба аудан әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, Сарыағаш ауданынан арнайы келген қонақтар қатысты.
«Елінің, жерінің қадір-қасиетін ұғындырып, ерекшеліктерін дәріптеп, туған жер тұлғаларына деген құрметтерін арттыру үшін «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» бағдарламасының өзгешелігі – аудандық өлкелердің бір-біріне тарихи саяхат жасауы. Өз өлкесін өзге ауданға кеңінен таныстыру. «Туған жер» ұғымын тереңірек сіңіру, келешек жас ұрпақ үшін, олардың арасынан елжанды тұлғалар қалыптасуына үлес қосу. Әрбір істеріңіз жемісті болсын» деген Тұрышбек Күлішұлы кітап оқудың адам өміріндегі маңызына тоқталды.
Іс-шара барысында жергілікті және отандық, әлемдік ақын-жазушылардың кітаптарының көрмесі ұйымдастырылып, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Жергілікті ұстаз-ақын Аташов Сержан Құлдырақұлымен кездесу өтті.
Айта кетейік, бүгінде ауданда 1 аудандық орталық кітапхана, 1 орталық балалар кітапханасы мен 19 ауылдық кітапханалар тұрақты түрде жұмыс істейді. Оларда жыл басынан бері өткізілген 546 іс-шараға 11 781 оқырман қамтылған. Кітапханалардағы 337 390 дана кітаптың 181 734-і қазақ тіліндегі әдебиеттер.
Сонымен қатар, қала, кент, ауылдық округтердің аумақтарында орнатылған 50 монументті өнер туындылары мен мемориал тақтайшалардың 14-і Жетісай қаласында, 36-сы ауылдық округтерде. 18-і ҰОС-на арналса, 32-сі қоғам қайраткерлеріне арналған.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2024-11-21