Тәрбиенің кілті – ұлттық құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік дағдыларын қалыптастыру
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Білім саласы, Жас буын, Қоғам
26/11/2024
14 Views
Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан.
А.Құнанбаев
Мектепке дейінгі жастағы баланың рухани-адамгершілік дамуы балабақша мен отбасы арасындағы қарым-қатынастың тығыздығы артқан сайын ойдағыдай жүзеге асады. Ұлттық құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік, яғни, тәрбие беру кілті – халықтық педагогикасында деуге болады.
Халық педагогикасы – нәрестенің сезімін ананың әуенімен оятатын бесік жырлары, даналыққа толы мақал-мәтелдер, жұмбақ-жаңылтпаштар, қиял-ғажайып ертегілері мен ұлттық ойындары.
Балалардың болашағы отбасындағы өзара қарым-қатынасқа, ата-аналарының тіршілігі мен еңбек етуіне тікелей байланысты болады, себебі бала өзінің өн бойына отбасында естіп-көрген жақсы мен жаманның бәрін сіңіріп отырады, ата-аналардың жағымды, жағымсыз қылықтарына еліктейді.
Бүгінгі таңда өз балабақшамызда бала тәрбиесіне байланысты отбасы мен балабақша арасындағы жұмыстарда орын алған кемшіліктерден арылу үшін 3 міндетті белгілеп сол бағытта жұмыс жүргіздік.
-
Бала тамағының түрлілігі мен нәрлілігін, тазалықты басты назарда ұстай отырып дене тәрбиесі дағдысының сапасын көтеру, қимыл-қозғалысты ұлттық ойындарды үйретуді басты назарда ұстау арқылы денсаулығы мықты адам тәрбиелеу.
-
Сөйлеуді дамыту дағдысының сапасын, берілу методикасын жетілдіре отырып, ана сүтімен берілетін ана тілін дұрыс меңгерту. Бала қиялын, ақыл-ойын жетілдіретін қазақ ертегілері мен жұмбақ, жаңылтпаштар үйретуді басты назарда ұстау.
-
Эстетикалық және экологиялық тәрбиенің сапасын көтеру. Балабақшада оқыту мен тәрбиелеу бағдарламасын басшылыққа ала отырып халық педагогикасы негізінде бүлдіршіндерге еңбек, адамгершілік-эстетикалық тәрбие беруде отбасы мен балабақша арасындағы байланысты ынтымақтастыра отырып ізгілендіру.
Осы міндеттерді негізге ала отырып тәрбиешілер түрлі көрнекіліктерді өз қолдарымен жасап, жұмыс барысында қолдануда.
«Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» технологиясы бағытымен оқу-тәрбие үрдісін жүргізуде іске асырып отырған жобамыз – «Асық терапиясы».
Асық ойындарын жаңғыртып қана қоймай, жаңа бағытта жүзеге асыру-заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерімізді – қайтадан түлету болып саналады. Өз тәжірибемізде математика негіздері іс-әрекетінде асықтарды топтауға, түр-түсіне қарай бөлуге, санауға және салыстыруға, әр іс-әрекеттің қорытынды бөлімінде «Алтын асығыңды кімге сыйлар едің?» деген сауал арқылы бала үнін естуге, бейнеленген пішінді боялған асықтармен құрастыруға, мектепалды даярлық тобында сауат ашу негіздері іс-әрекетінде асық арқылы сөздер құрауға, дауысты, дауыссыз дыбыстарды атауға, балалардың ұсақ қол моторикасын дамыту, сипап-сезу дағдыларын қалыптастыру мақсатында кіші топтарда «Алтын асық» ойынын ұйымдастыру барысында құмның ішіне жасырылған түрлі-түсті асықтарды жылдам тауып, түсін ажырату және асықты құмға бастыруда қызығушылықпен жұмыс жүргізуге болатынына көз жеткіздік. Түрлі-түсті асықтарды қолдану баланың ұсақ қол моторикасын дамытып қана қоймай, сыни ойлауын шыңдайды. Осындай тапсырмалар балаларды ұқыптылыққа, мұқияттылыққа тәрбиелейді.
Қазіргі кезеңнің балалары ұялы телефондағы зиянды ойындарға және трендтегі Хаги-Ваги, Кисси-Мисси ойыншықтарына әуес болып барады. Біріншіден, бұл ойындардың және ойыншықтардың адам денсаулығына тигізер залалы көп. Екіншіден, баланың ойлау қабілеті, ойлау шеңбері белгілі бір жүйеде шектеліп қалады. Баланың логикалық ойлауын, көзбен көру арқылы есте сақтау қабілетін арттыру, эстетикалық талғамын дамыту және бір-бірімен бәсекелесіп орындау барысында шапшаңдыққа, ұлттық құндылықтарды сақтауға үйрету барысында – асықпен ойнауды ұсынар едім.
Ұлттық асық тарихын ұмыт қалдырмай, жаңашыл леппен ойындар ойлап табу да әрбіріміздің қолымыздан келері хақ. Асық – таусылмас мұрамен қатар, таусылмас идея деп айтар едім. Оған дәлел Б.Момышұлының айтқаны: «Асық ептілікке, мергендікке баулиды. Бұл – үлкен халықтық тәрбие».
Тоқсан сөздің тобықтай түйінібала тәрбиелеуде адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – әрбіріміздің міндетіміз!
Алпысова Бибайша Аташбекқызы,
Түркістан облысының білім басқармасының
Жетісай ауданының білім бөлімінің
«Мерей» бөбекжай-бақшасы» МКҚК-ның әдіскері.
2024-11-26