ІС-САПАРДЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ – ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ
Posted by: Қалмұрат
in Business, Кәсіпкерлік, Экономика
03/12/2024
4 Views
Мақтаарал ауданы әкімі Б.Асановтың тапсырмасымен аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров бастаған бір топ мақтааралдық делегация Қытай Халық Республикасының Үрімші және Қуарлы қалаларында болып, бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
Қытайдың экономикалық дамуы бойынша халықаралық тәжірибе жинақтап, Мақтаарал ауданында енгізу, өңірде зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру – іс-сапардың басты мақсаты.
Делегацияның құрамында аудандық мәслихаттың депутаты Тимур Адамбеков, Иіржар ауылдық округінің әкімі Әбдіғаппар Биболов, Еңбекші ауылдық округінің әкімі Берік Агенов және бірнеше кәсіпкерлер бар.
Сапар барысында делегация мүшелері мақта және жүгері оратын комбайндарды құрастыратын зауытта, тауық фермасында, ет, мақта майы, жем, шырын шығаратын цехтарда, тамшылатып суғаруға арналған таспаларды және жылыжайға арналған пленка шығаратын зауыттарда арнайы болып, өндіріс орындарының жұмысымен кеңінен танысты.
Қытайлық бизнес өкілдерімен арнайы кездесіп, аталған кәсіпорындарындағы станоктардың бағасын, орнату мен Қазақстанға жеткізу нарқын білді. Сондай-ақ, аталған өңірлердегі ағын су және ирригациялық жүйелердің құрылысымен танысты.
Мақтааралдық кәсіпкерлер іс-сапардың нәтижесінде черепица, шеге, жем шығаратын станоктарды Мақтааралға алып келіп, шағын цехтарды ашуға ниетті екендерін жеткізді.
2024-12-03