ҮЗДІК ЖАСӨСПІРІМ СПОРТШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Sports, Жас буын, Қоғам, Спорт
05/12/2024
38 Views
Бүгінде спортты жанына серік етіп, түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген жасөспірімдердің саны күн санап артып келеді. Оның басты себебі – тұрғындар арасында дене шынықтыру мен спорт саласын кеңінен насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға мемлекет тарапынан ерекше қамқорлықтар жасалып, спортты қолдаушы азаматтардың салаға ерекше көңіл бөлінуінде. Өйткені, спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын, азаматтардың өмір сүру ұзақтығын қалыптастыратын, саламатты ұрпақ тәрбиелеудегі негізгі тетік саналады.
Ересектер мен жасөспірімдерді түрлі спорт түрлеріне баулу арқылы халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі байрақты бәсекелерде топ жарып, жеңімпаз атанып жүрген шәкірттеріне құрмет көрсеткен «Жетісай спорт клубы» мекемесі бірқатар жасөспірім спортшыларын марапаттады.
Аталмыш шараға ардагер спортшылар, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, Халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев пен аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ауданның төбе биі Жахангер Айнабеков, «Алпамыс батыр», «Көк Түріктер қағанаты» республикалық қоғамдық қорларының Президенті, «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, кәсіпкер-меценат Бауыржан Оңғарбаев пен «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев, бапкерлер мен ата-аналар қатысты.
Аудан мерейін үстем етіп, өткізілген спорттық жарыстарда жүлдегер атанған саңлақ спортшыларды ұлықтау, жетістіктерін кейінгілерге үлгі ету мақсатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің алғыс хаттары, «Алпамыс батыр» республикалық қоғамдық қорының «Бекзат Саттарханов» атындағы медалі мен қор төрағасы Бауыржан Оңғараевтың арнайы қаржылай жүлделері табыс етілді.
«Жас ұрпақтың жүрегіне Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру ісінде спорт – таптырмас көмекші. Себебі, спортты сүю, оны серік етуге баулу арқылы балаға тек салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймаймыз, сонымен қатар, бойларында еңбекқорлық, төзімділік, әділдік сияқты жоғары қасиеттерді қалыптастырамыз. Көшенің теріс ықпалынан алшақтап, зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал етеміз» дейді «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев.
Спортшыларға көрсетілген мұндай құрметтердің қайтымы – байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатып, Әнұранымызды көкте шырқатар саңлақтардың сапында болу. Аталмыш салтанатты шарадағы марапат әрбір спортшының алдына осындай мақсат қойғандай.
Бауыржан нАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2024-12-05