ФУТБОЛ АҢЫЗЫ ДА ДҮНИЕДЕН ОЗДЫ…
Posted by: Қалмұрат
in Әлемде, Жаңалықтар
26/11/2020
16 Views
Әлемдік футбол тарихында өзіндік із қалдырған, Аргентинаның ұлттық мақтанышы – Диего Марадона 25 қарашада 60 жасында жүрек талмасынан кейін қайтыс болды. Бұл туралы ТАСС хабарлайды.
Осы жайға орай Аргентина президенті елде 3 күндік аза тұтуды жариялады. Сондай-ақ, ол өз Твиттерінде «Сен бізді әлемнің шыңына көтердің. Сен бізді шексіз бақытқа бөледің. Сен бәрінен де үлкен едің. Бар болғаныңа рақмет, Диего! Біз сені өмір бойы сағынатын боламыз», – деп жазды.
1960 жылы 30 қазанда Аргентинаның Ланус қаласында дүниеге келген Диего Марадона, футболмен ерте балалық шақтан шұғылданған. Сегіз жасында-ақ, дарыны байқалған ол «Лос Себолитас» балалар командасында шабуылшы ретінде ойнай бастайды. Кейіннен, «Аргентинос Джуниорс», «Бока Хуниорс», «Барселона», «Наполи», «Севилья» және «Ньюэллс Олд Бойз» клубтарында ойнаған. Диего Марадона Аргентинаның ұлттық құрамасында 91 матч өткізіп, 34 гол соқты, олармен 1986 жылғы әлем кубогын жеңіп алды. Ал, 2008-2010 жылдары Аргентинаның ұлттық құрамасын басқарды.
Естеріңізде болса, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары, 30 қазанда ол Ла-Плата қаласындағы ауруханаға медициналық тексеруден өткенде футболшыда субдуральды гематома анықталғанын хабарлаған еді. Диего Марадонаның ауруханада миына ота жасалып, 12 қарашада үйіне қайтқан болатын.
3 күндік аза тұту Аргентинаның ұлттық мақтанышы Диего Марадона Футбол тарихының бір парағы 2020-11-26