ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ – ҚАНЫШ СӘТБАЕВ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Білім саласы, Жас буын, Қоғам
15/01/2025
12 Views
Ғалым білімді болуы керек, білімдінің бәрі ғалым бола бермейді. Ғалым ерінбей үйренеді де, ізденеді. Ғалым білім алады да, білімге білім қосады. Не нәрсені болмасын нағыз адамгершілікпен түсіне біліп жасай берсеңдер, бұдан сіздердің отаншылдығыңыз бен асқан патриоттық сезіміңіз айқын көрінер еді.
Қаныш Сәтбаев.
Әрбір халықтың өзінің жүріп өткен тарихи жолы бар. Әрбір адамды, тұтас халықты ғұмыр бойы алға жетелейтін, алыстан бағдар сілтеп жымыңдап тұратын Темірқазық сынды жұлдыз тұлғалар болады. Сондай тұлғалардың бірі қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен инженер-геологы, академик ғалым, Ұлттық Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, Қазақстанның геологтары ғылыми мектебінің және отандық метоллогения ғылымының негізін салушы, қоғам қайраткері – Қаныш Сәтбаев еді. «Бірінші би – халық, екіншісі – тарих» деген ұлағатты сөз бар. Расында уақыт төреші, халық бағасын беруші екені ақиқат. Сондықтанда, қазақ халқына еңбегі қалтықсыз сіңген тұлғаның өнегелі өмірін жас ұрпаққа дәріптен насихаттау өте маңызды мәселе.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (1899 ж. 12 сәуір – 1964 ж. 31 қаңтар) Павлодар облысы, Баянауыл ауданында ауқатты да ел арасына сыйлы Имантай бидің шаңырағында дүниеге келеді. Азан шақырып қайған аты Ғабдул Ғани болды. Анасы Әлима Ғанышым деп еркелететін. Мектепке барғанда журналға есімі Қаныш болып жазыл кеткен. Ең алғаш сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым 1911 жылы Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, одан кейін 1914 жылы Семей мұғалімдер семинариясына оқуға түсті. Онда Ж.Аймауытов және М.Әуезов сияқты көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған. 1918 жылы семинарияны бітіргеннен кейін Семейдегі педагогикалық курста мұғалім болып жұмыс жасайды, кейіннен денсаулығына байланысты Баянауылда халық судьясы болып жұмыс атқарып жүргенде Ресейдің атақты Томск технологиялық институтының профессоры, геолог М.А.Усов Әбікей Сәтбаевтың қолқалауымен, денсаулығын түзету үшін үш ай Сәтбай ауылында ауылында болады. Осы кезде Қаныш пен профессор М.А.Усов бір-бірімен танысып, бірге талай рет қазақ даласын кезеді. Профессор кең байтақ қазақ даласының қойнауы әлі зерттелмей жатқанын айтып, Қанышты Томскіге геологтің оқуына шақырады.
Жаңа үйленген, баласы бар Қанышқа қызметінен босап, оқуға кету оңай соқпады. Дегенмен көңіліне таудай талап орнаған Қаныш Томскіге профессормен бірге аттанады. Алғашқы жылы жатақхана жоқ, пәтер іздеп жүргенде профессор М.А.Усовтың үйінде бір жыл тұрып, технология институтының бір жылын бітіреді. Ол – В.Я.Мостович, В.К.Кузнецов, В.А.Хахлов сынды небір мықты мамандардан білім алады. Қаныш геолог инженері дипломын алған екінші қазақ еді, бірақ өзін геологиялық мамандыққа арнаған тұңғыш қазақ баласы болатын. Себебі, Қаныштан бұрын бітірген, кейін математика ғылымының тұңғыш профессоры болған Алаш зиялысы Әлімхан Ермеков институтты аяқтаған соң педагогика саласына кеткен. 1926 жылы институтты бітірген соң, Қазақ АКСР-і Халық шаруышылығы орталық кеңесінің ұйғаруымен Мәскеу қаласында, «Атбасцветмет» тресінің геология бөлімінің басқаруға жібереді. Бұл треске Жезқазған мыс кен орындарын, Байқоңыр көмірін зерттеу және Қарсақбай мыс зауытының құрылысын жүргізу жүктелген еді. ХХ ғасырда қазақтың атақты екі ғалымы Қаныш Сәтбаев пен Дінмұхамед Қонаевтың ғылымға, мемлекет басқаруға келуіне Нұртас Оңдасынов жол ашқан еді. Жезқазғанмен Риддерге келіп істі қарқынды жүргізу мақсатында Қазақстанға оралды. 1929 жылы Қарсақбай мыс комбинатының геологиялық барлау бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалады. Көп ұзамай комбинаттың бас геологі қызметіне тағайындалды. Отан соғысы басталғанда зеңбіректер мен танкілерді жасауда аса маңызды құраушы марганецтің Украина мен Белоруссиядағы бай кеніштері фашистердің қолында қалып қойды. Сонда Кеңес үкіметі жедел түрде осы марганецтің балама көздерін табуды талап етті, жас та болса өжет Қаныш марганец кеніштерін Қазақстаннан іздеу қажеттігін айтады. Бұл ұсынысқа Мәскеудің мүйізі қарағайдай, негізінен еврей мен орыстың ғалымдары мен академиктері келіспейді. Сондағы айтқандары «Біз Қазақстанның түкпір-түкпірін баяғыда зерттеп қойғанбыз, қазір ондай кеніштерді барлау бос әурешілік». Қатты қысымға қарамастан Қаныш айтқанынан қайтпай, арнайы экспедиция жасақтап көп ұзамай Орталық Қазақстаннан тек марганец қана емес, басқа да сирек кездесетін шикізаттардың бай кенішін табады. Жоқтан бар туғызған, мүмкін емес дегенді мүмкін еткен ғалымымыз одақтық деңгейде мойындалуы да осы кезден басталған еді.
1941-1964 жылдары КСРО ҒА Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының деректоры болып кейіннен, КСРО ҒА Қазақ бөлімшесі Президиумы төрағасының орынбасары болды. 1946 жылы Қаныш Жезқазған аймағы байынша бірненше әйгілі ғылыми еңбектерінің авторыретінде геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі беріледі.
1946 -1952 жылдар аралығында Қазақстан ҒА президенті болады. 1952 жыл әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен шектеледі. Қызметтен босаған соң ол Қазақ КСР Геология ғылымдары институтының деректоры болып еңбек етті. 1955 жылы қайта ақталып, Қазақ КСР ҒА Президенттігіне қайта сайланып, бұл қызметті өмірінің соңына дейін атқарады. Ұзақ жылдар ғылым академиясын басқарып, республиканың экономикасын, ғылымы мен білімін дамытуға көп еңбек сіңірді. Тарих сан мәрте қайта жазылар, бірақ ерлік ешуақытта да ұмытылмайды.
Жансая МУХАМЕДЖАНОВА,
Қ. Дәрімбаев атындағы №41 жалпы білім беретін мектептің қосымша білім беру педагогы.
Жетісай ауданы.
2025-01-15