МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМ
Posted by: Қалмұрат
in News, Әлеумет, Білім саласы, Жас буын, Өзекті мәселе
17/01/2025
41 Views
Кез-келген жастың болашағы, оның өзі таңдаған мамандығына байланысты болатыны анық. Сол себепті мен мектебіміздің жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдау оңай еместігін айтамын. Сондай-ақ, бүгінде жақсы маман иесі болу үшін көп ізденіп, оқу, білім алу керектігін түсіндірудемін.
Адам өмірден өз орнын табуға тырысатыны белгілі, сол себепті ол еңбектенеді, оқиды. Сол арқылы өзі көздеген биік мақсаттарға ұмтылады. Мақсаттарына апарушы жол көп жағдайда өзі таңдаған мамандығына байланысты болғандықтан, сол мамандығының қыры мен сырын жете меңгеруі қажет. Сонда ғана ол жоғарыда айтылғандай өзі армандаған арманына оңай қол жеткізе алатын болады.
Жақында осы мамандық таңдауға қатысты өткізген іс-шарамда оқушыларымның бірі болашақта – архитектор болсам деген арманын айтты. Оның арманы осы таңдап отырған мамандығын шебер игеріп, болашақта ғажайып ғимараттар салу арқылы еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қоссам дейді. «Егер архитектор мамандығын меңгеріп шықсам, небір зәулім ғимараттар мен білім ошақтарының үлгісін сызып, жаңа жұмыс бастамасына жол ашқым келеді»-дейді ол. Ал екінші оқушымның – мүсінші болғысы келуде. «Өз туындыларым арқылы өмірден өткен ата-бабаларымыздың көшірмесін, аң құстардың кескінін заман талабына сай ерекше етіп жасағым келеді. Құдай қаласа, суреттерім мен жобаларым үлкен жоғары байқауларда сараланса және нәтижелі болса деп ойлаймын»-деген арманымен бөлісті.
Қуантарлығы осындай асқақ армандары бар оқушыларым көп. Солардың талпынысы көңіл қуантады, олардың арман-мақсаттары жүзеге асса, келешекте еліміздің өркендеп-дамуы анық. Өз кезегінде мен де шәкірттеріме мамандықтарды дұрыс таңдауларына пайдасы тиетін кеңестер беруге тырысудамын. Оларға өздері таңдаған мамандықтардың қыры мен сырына терең үңілулері керектігін, сол арқылы қиындығы мен қызығы қатар жүретін ғажайып мамандықтарды шебер меңгерген білікті азаматтар болуға шақырудамын.
Айта кетерлігі «Мамандығым – болашағым» жобасы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қабылданған «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – аймақтың еңбек нарығындағы өзгерістерін болжау және оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру болып табылады.
Аппазова Дүйсенкүл Алипбековна,
№37 “Еңбек“ ЖББМ кәсіби бағдар беруші педагогы.
Жетісай ауданы.
2025-01-17