ЕРІКТІ ЖАСАҚШЫНЫҢ ЕРЛІГІ
Posted by: Қалмұрат
in News, Жаңалықтар, Өзекті мәселе, Саясат
26/01/2025
4 Views
«Шекараны бүкіл халық қорғайды» қағидасының жұмыс істеп келе жатқанына ғасырдан асты. Мұнымыз артық айтқандық емес, 1924 жылы қазақ-қытай шекарасын алғаш күзетуге кіріскен шекарашылар мен жергілікті қарапайым халықтың арасында өзара түсіністік пен достық қарым-қатынас орнады. Бұл кез – бейбіт өмірге енді кіріскен елге зор қауіп төндірген ақ гвардияшылармен күрес бітпеген. Тарихқа жүгінсек, бұл – 30-шы жылдарға дейін созылатыны белгілі. Сондықтан, біз тілге тиек еткен қағидамен бірге ел шебінде ерікті жасақ топтарының да күні кеше ғана жасақталмағаны айдан анық…
Газеттің жаңажылдық санына жоспарланған мақалаға қажетті кейіпкер іздеп, «Нарынқол» шекара бөлімі бастығының орынбасары майор Руслан Қыдырмолдаұлымен байланыстық. Офицер сөзге келген жоқ, санаулы минуттан соң біздің алдымызда болашақ бірнеше кейіпкеріміз туралы мәліметтер жатты. Барлығы ерікті жасақшылар – шекарашылардың ел шебіндегі қолқанаттары. Бәрінен де өздерінің шекара шебінде бастарынан кешірген оқиғалары бір кітапқа жүк боларлық. Бір қызығы, осының өзі-ақ «Ерікті жасақшы» циклына сұранып тұр еді. Сондықтан ойлана келе, алдымен бір кейіпкеріміз туралы қалам тербегенді жөн көрдік. Офицер ұсынған қалған ерікті жасақшыларды құрметті оқырман газеттің алдағы сандарынан оқитын болады. Осындай шешімге келісімен, қойын кітапшамыздың ерікті жасақшылар туралы жазылған беттерін аштық…
… Нарынқол ауданына апаратын тасжолдан солға қарай бұрылсаңыз, алдыңыздан Қостөбе деген ауыл шығады. Дәл таптыңыз, танымал жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туған ауылы. Сосын да деректі дүниенің дарабозы атанған журналист-жазушы Жанболат Аупбаев ағамыздың «Нарынқол – тарихи оқиғаларға бай өлке. Сонымен бірге талай тамаша талант иелері өмірге келген жер де» дейтіні. Міне, іргесінде ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Қостөбе» шекара бөлімшесі орналасқан осы ауылда Дәулет Дәулетбаев деген ағамыз тұрады. Өзі осы шекара бөлімшесінде ұзақ жылдар жұмыс істеп, тек бертінде ғана зейнет демалысына шығыпты. Сонда да өзінің негізгі міндетінен ауытқып көрмеген… Ол қандай міндет дейсіз ғой?..
Ол жаз басталып, асу жолдары ашылысымен, тауға аттанатын барлау-із кесу топтарының жолбастаушысына айналып шыға келеді. Өйткені, тау жолдарын, оның сайы мен төбесін жатқа білетін Дәулет Атагелдіұлы шекарашыларды діттеген жерлеріне кедергісіз жеткізудің хас шебері. Дәулет ағамыз өзінің осы бір елден ерек кәсібімен 2000 жылдан бері айналысып келеді екен.
– Мені осы жұмысқа алғаш марқұм Тұрғанбек Стамбеков тартып еді. Таудың тыныштығын күзету үшін ең алдымен ерікті жасақшылар таптырмайтын көмекші екенін де сол кезде Шонжы шекара отрядын басқарған осы азамат айтып, бізді жұмысқа қабылдаған, – дейді ерікті жасақшы Дәулет аға бізбен әңгімесінде. Сондай көреген командир бір жағынан бізге шекарашылардың қауіпсіздігін де сеніп тапсырып еді. Қаталдығына қоса, өзінің әрбір әскери қызметшісінің жайы мен күйін ойлап, денсаулығына алаңдайтын сол азаматтың бізге артқан сенімін өз басым әлі күнге дейін кірлетіп көрмедім. Ұлым да шекарашы. «Нарынқол» шекара бөлімінің кинологы болып еңбек етіп жүр.
Сосын, арасында бөлімшенің аумағына ара-тұра шығып, таудың ішін барлап қайтатыным болып тұрады. Өткен жылы сондай күндердің бірінде тау ішімен келе жатып, бір адамды көрдім. Біз – ерікті жасақшыларға шекараның тыл жағында жүрген бейсауат адамдарды тоқтатып, құжаттарын тексеруге рұқсат берілген. Сондықтан, өзінің түрі де, мына жүрісі де күдік тудырған әлгі адамды тексерсем, ол көрші Қытай елінің азамат болып шықты. Содан дереу «Қостөбе» шекара бөлімшесіне хабарлап, шекара нарядының қолына тапсырдым. Бұл оқиға 8 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесінің алдында ғана болып еді.
Негізі, ерікті жасақшы үшін мұндай оқиға жалғыз емес. Ел шебін шекарашылармен бірге адап келе жатқанына ширек ғасыр болып қалған Дәулет ағамыздың қырағылығы арқасында талай қаскөй құтылып кеткен жоқ.
Міне, осылай. Мұны бір жағынан ерікті жасақшыларымыздың ерліктеріне баласақ та жеткілікті.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.
2025-01-26