«ЖАС ҰЛАНДЫҚТАР» МУЗЕЙ ТӨРІН ЖЫРМЕН ТЕРБЕДІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Жас буын, Мерекелік шара, Руханият
28/01/2025
22 Views
2025 жылдың алғашқы патриоттық іс-шарасы Семей қаласындағы Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде «Ұлттық ұлан күніне» орай өткізілді. Бұл мерекелік шара «Ұланымыз – ұлы елдің» деген атаумен өтіп, жас ұрпақты патриотизмге баулуды мақсат етті.
Бұл іс-шараға, «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернатының» жоғары сынып оқушылары – Шаяхмет Бекзат, Рүстемұлы Жарас, Айдарбек Алихан және Сансызбай Саян белсене қатысты. Олар отаншыл тақырыптағы рухты көтеретін, елге, жерге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін жүрекжарды жырларын көпшілік қауым алдында оқып, көрермендердің қошеметіне бөленді.
«Жас ұландардың» өлеңдері елдің бірлігін, тәуелсіздікті, ата-бабалардан қалған асыл мұраны қастерлеу тақырыбында өрбіді. Әрбір жыр жолынан туған жерге деген шексіз махаббат пен болашаққа деген сенім байқалып тұрды. Бұл жырлар жиналған қауымның көңілінен шығып, шынайы қолпашқа ие болып, қайталанбас әсер қалдырды.
Шара барысында, қатысушылар «Ұлттық Ұланның» ел қорғаудағы рөлі мен маңыздылығы туралы ақпаратпен де танысты. Әскерилердің ерлік жолдары, отансүйгіштік қасиеттері мен жауапкершілігі жастарға үлгі ретінде айтылды. Іс-шараға келген қонақтар мен оқушылар елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі «Ұлттық ұланның» қажырлы еңбегіне ризашылықтарын білдірді.
Бұл іс-шара жастардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға, тарихи мұраны қастерлеуге және өз елінің болашағына жауапкершілікпен қарауға үндейтін маңызы зор мәдени оқиға болды.
«Жас ұландардың» шын жүректен шыққан өлеңдері әрбір қатысушының жүрегінде мақтаныш сезімін оятып, болашақта да осындай рухани кештердің жалғасатынына сенім ұялатты. Ал кеш соңында, музей басшылығынан, мерекелік шараны ұйымдастыруға атсалысқан оқушыларға «Алғыс» айтып, олардың рухты жырлары жастар арасында патриоттық сезімді нығайта түсетінін атап өтті.
Атап кетерлігі бұл мерекелік кеш – Отанға адал қызмет етуге тәрбиелейтін, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын игі дәстүрдің көрінісі болып, жас ұрпаққа үлгі боларлық әсерлі сәттермен есте қалды.
Ерік ОМАРҒАЛИЕВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
2025-01-28