БАЛАБАҚШАДАҒЫ МУЗЫКАЛЫҚ ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, Білім саласы, Жаңалықтар, Жас буын, Руханият
28/01/2025
14 Views
Қазіргі оқу – тәрбие жұмысын жан – жақты дамыту мақсатындағы басты міндеттердің бірі бала тәрбиесіне қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан тұрмыс – салтына, әдет – ғұрпына, ұлттық дәстүріне байланысты әдебиет пен мәдениетке, өнерге үйрете отырып, баулу. Белгілі бір өнер иесіне арналған әсерлі әдеби – музыкалық кештер өткізу де бала санасында із қалдырады. Жақсыға, әдемілікке, үлкеннің маңызды да пайдалы ісін қайталауға, ұқсап бағуға талпындырады. Әр сазгердің немесе әншінің шығармашылығындағы, репертуарындағы әндерді, шығармаларды тереңірек талдау арқылы бала тағы да музыканың эмоциялық әсерін, бейнелеу күшін түсініп, жақсы мен жаманды ажырата алуға үйренеді.
Сол сияқты баламен жеке жұмыс жасауда әр баланың бойындағы қабілетін тауып, дамытуға жол ашады. Ал, музыканы түсіне шығарма кейіпкерімен бірге жетіле, әсемдік пен әдемілікті сезіне өскен бала қоғамға тек пайдасын тигізетін, ұлттық қазынаны бағалай білетін, саналы да білімді, отансүйгіш, тәрбиелі, адал азамат болып өсері сөзсіз.
Музыкалық оқу іс-әрекеттерінде музыкалық-дидактикалық ойындарды жүйелі түрде пайдалану – музыканы сипатына, көңіл-күйіне, динамикалық реңкіне қарай ажыратуды үйретеді. Балаларды әр түрлі музыкалық шараларға тек жеке өзін қатыстырмай, үлкендермен, ата-аналармен бірге қатыстырудың мәні зор. Себебі балалар музыкалық-ырғақты қимылдарды орындауда, би билеуде музыкалық аспаптарды қолдану музыканың ырғағын, динамикалық үнін, екпінін ажыратуға үйретіп, орындаушылық шеберліктерін шыңдайды. Бұл баланың өзіне-өзінің сенімін ұштап, шығармашылығын шыңдайды.
Ән баламен ойын – сауықтарда, музыкалық кештерде, ертеңгіліктерде, билерде, ойындарда бірге жүреді. Демек, ойнай жүріп, баланың әнге деген құштарлығы арта түседі. Музыкалық – дидактикалық ойындарды ойнау, балалардың музыкаға қызығушылығын арттырады және музыкалық іс – әрекет түрлерін тез, әрі дұрыс үйренуге көмектеседі. Ал балабақшаға қамтылған баланың бойына қысқа мерзім ішінде аталған білім дағдыларын қалыптастыру музыка жетекшісінің алдына қойылған аумақты да, жауапты ісі болып табылады. Музыка жетекшісі музыкалық оқу іс – әрекетінің музыка тыңдау бөлімі бойынша ән, күй, халық әуендерін, басқа ұлттық шығармаларды қолдана отырып, музыканы тыңдау, қабылдау, есте сақтау, ажырата білумен қатар, оның мазмұнын, көркемдік қасиетін түсіндіруі қажет. Сонда ғана қажетті ақпараттарды алған бала өз бойындағы музыкалық дарынды жақсы дамыта алатын болады.
Султан Феруза Турапхожақызы,
«Зеретай» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі, Атакент кенті.
2025-01-28