«МЕНІҢ КӨҢІЛ-КҮЙІМ»
Posted by: Қалмұрат
in Білім саласы, Жас буын, Қоғам, Өзекті мәселе
03/02/2025
2 Views
Мен жақында мектебіміздің 5-сынып оқушыларына «Менің көңіл күйім» тақырыбында сауалнама және ойын жаттығуларынан тұратын психологиялық сабақ өткіздім.
Бұл сабақтың мақсаты: оқушыларымның психоэмоционалдық жағдайын жақсарту, бір-бірімен жақсы қарым-қатынас орнатуға жағдай жасау. Шығармашылық қабілеттерін ары қарай дамыту болды.
Кіріспе бөлімде «Көңіл-күй – кез-келген адамның ішкі дүниесі мен позитивтерінің көрсеткіші, ол бізді айналадағы әлеммен тығыз байланыс орнатуға, әрекет етуге, қарым-қатынас жасауға итермелейді. Көңіл-күй әртүрлі жағдайлар мен оқиғаларға байланысты өзгеріп отырады және оның адам өмірінде алатын орны өзгеше. Адамның көңіл-күйі әртүрлі болуы мүмкін: қуаныш, қайғы, ашу, қорқыныш, реніш, бейтараптық. Бұл жайлар адамның психологиялық және физиологиялық жағдайымен тығыз байланысты. Мысалы, қуаныш немесе шаттық сезімі өмірдегі жетістіктер, жақындарымызбен бірге уақыт өткізу сияқты жағымды сәттерден туындайды. Ал қайғы, реніш немесе күйзеліс қиындықтар, жаман жаңалықтар немесе өмірдегі қиын кезеңдерден пайда болады» деп оқушыларыма адам баласына тән көңіл-күй мен оның түрлеріне қатысты шағын ақпараттар бердім.
Сабақтың негізгі бөлімінде – оқушыларыма алдымен «Көңіл-күй неге ұқсас?» деген тақырыпта суреттер салдырдым. Онда шәкірттерім табиғат құбылыстарымен байланысты көңіл-күйлерін қағаз бетіне түсірді. Содан кейін «Мен қандаймын?» деген тақырыпта өз-өздерін бағалау (психодиагностика) тәсілін өткіздім. Онда оқушылар «Мен қандаймын?» деген сұраққа нақты жауаптар беріп, өздерін түрлі жағдайларда қалай қабылдап, бағалайтындарын көрсетті. Бұдан бөлек олар «Сағат тіліндегі досым» атты амандасу және «Болады, болмайды» атты психологиялық жаттығуларын жасады.
«Сергіту сәтінен» кейін шәкірттеріме «Жалпы адам баласы, күнделікті өмірде бір-біріміздің көңіл-күйімізді түсірмей, бір-бірімізді ренжітпей жүруіміз керек. Өзгелермен дұрыс қарым-қатынас жасай білу, сондай-ақ өздеріміздің мүмкіндіктерімізді нақты білу баға жетпес байлық» дей отырып, сабақ қорытындыланап, сабаққа белсене қатысқандары үшін оқушыларыма алғыс айттым.
Сүйінбай ӘБДӘКІМ,
Ә.Жангелдин атындағы №27 ЖББМ КММ педагог-психологы.
Жетісай ауданы.
2025-02-03