ЖІГЕРДІ ЖАНИТЫН – «АУҒАН ЖЫРЫ»
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Мерекелік шара, Руханият
14/02/2025
5 Views
14 ақпанда Ауған соғысы және тәжік-ауған шекарасының ардагерлері ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына барып, жат елдің шекарасында ерлікпен қаза тапқан қаруластарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ департаменттің шекара бөлімшелерінде Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен жас сарбаздарға арналған «Ерлік сабағы» өтті.

Өткен тарихты парақтасақ, осыдан тура 36 жыл бұрын Кеңес әскері Ауған жерін тастап шықты. Ал 2001 жылдың 8 ақпанында тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстар тоқтап, қазақстандық бітімгершілік батальоны өзінің миссиясын аяқтаған болатын. Содан бері елімізде Ауған соғысының және «ыстық нүктеге» баланған тәжік-ауған шекарасының ардагерлеріне құрмет көрсетіп, жат елде ерлікпен қаза тапқандардың есімін мәңгілік етуге арналған шаралар өтіп келеді.
Департамент бастығы полковник Серік Төлеуханов, шекара ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық және облыстық филиалдарының атынан отставкідегі генерал-майор Марат Мажитов бастаған ауғандық ардагерлерді Қарасай тауданы бойынша шекара басқармасының жеке құрамы салтанатты сап түзеп қарсы алды. Бұдан әрі, жиналған қауым ескерткішге гүл шоқтарын қойған соң, шара жат елде қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
– Шекарашыларымыз қайда жүрсе де Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп келеді. Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеу кезінде ерен ерлік көрсетіп, құрбан болған шекарашы қаруластарымыз – біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, – деді жиында сөз алған Ауған соғысының ардагері Марат Әлімжанұлы.

Жиыннан кейін ардагерлер шекара басқармасының өткен шағын концерттік бағдарламаны тамашалады. Мұнда зал толы көрермендердің алдында сержант Дастан Сембаевпен бірге Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенттері: Ұлан Аскер, Құзар Құмыролла, Ерсұлтан Әсетұлы, Алдияр Жүзбайұлы және Жомарт Рахымберділер өнер көрсетті. Әсіресе, шекарашы өнерпаз Дастан Сембаевтың «Ауған жыры» атты Ауған соғысына 18 жасында туған жеріне қара табытпен оралған өрімдей жас жігіттер туралы әні жан тебірентерлік еді… Жігерді жанитын.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.
2025-02-14