Қазақ тілін үйретудің жаңа кезеңі: заманауи оқу құралдары
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Руханият
17/02/2025
39 Views
Қазақ тілін меңгеруге сұраныс артып келеді. Бұл бағытта тиімді әдістер мен сапалы оқу құралдарының маңызы зор. Осы мақсатта Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлеріне арналған лексика-грамматикалық минимум (ЛГМ) әзірлеп, жаңа оқу құралдарын жарыққа шығарды. Бұл әдістемелік өнім халықаралық CEFR стандарттарына сәйкес жасалып, тіл үйренушілерге қазақ тілін жүйелі меңгеруге көмектеседі.
Жаңа оқу құралдары және олардың маңызы: ЛГМ – қазақ тілін тыңдалым, оқылым, айтылым және жазылым арқылы кешенді үйрететін әдістеме. Әр деңгейге арналған белсенді сөздер мен грамматикалық құрылымдар күнделікті қарым-қатынасқа бейімделген.
Жаңа оқу құралдары қатарында: «Қазақ тілі. А1 қарапайым деңгей» (А.Қ. Балабеков, С.Е.Мұсабекова). «Қазақ тілі. А2 базалық деңгей» (Л.М. Демесінова, А.М. Қалиева). «Сөз және сөйлеу мәдениеті» (С1 деңгейі) (Ж.Ерекешова, Ш.Қайбрахман, А.Орынбаева). «Қазақ халқының өнегелік салт-дәстүрлері» (Э.Масагутова, У.Ахметжанова). «Тілдерді оқытуға арналған платформалар» (О.Қойчибеков, М.Қуандық)
Бұл оқулықтар 2025 жылдың 24 қаңтарында Ұлттық академиялық кітапханада таныстырылып, еліміздің түрлі оқу орталықтарына таратылып, Бородулиха ауданындағы жаңа серпін әкелді десек те болады.
Бородулиха ауданының «Тілдерді оқыту орталығы» осы заманауи оқулықтарды қабылдап, мемлекеттік тілді үйретуде белсенді қолдануда. Орталық директоры Атаева Мейрамгүл Балабайқызы қазақ тілінің болашағы туралы өз ойын білдірді:
«Қазақ тілі – ұлттың рухани өзегі. Мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Заманауи оқу құралдары тілді үйренуді жеңілдетіп, оның дамуына тың серпін береді. Біз осы бастаманы қолдай отырып, сапалы білім беруді жалғастырамыз. Қазақ тілінің мәртебесі асқақтай берсін!»
Қазақ тілін меңгеруге арналған жаңа құралдар мен әдістемелер оның қоғамдағы қолданысын кеңейтіп, болашақ ұрпақтың тілді толық игеруіне жол ашады.
Қазақ тілі – ұлттың рухани тірегі!
Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
2025-02-17