ӘКЕ – АСҚАР ТАУ
Posted by: Қалмұрат
in News, Білім саласы, Жас буын, Қоғам, Руханият
19/02/2025
3 Views
«Ана – сая болар бағың болса, Әке асқар тауың» дейді халқымыз. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке шаңырақтың тірегі. Әке- отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез – құлқы, өзгелермен қарым – қатынасы, өнері мен білімі- баланың көз алдында үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы.

Осыған орай, біздің №41 Қ.Дәрімбаев атындағы жалпы орта мектебінде «Әке – асқар тау» тақырыбында «Әкелер мектебі» отырысының іс- шарасы ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға Жетісай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбет, ардагерлер кеңесінің мүшелері –София Ибрагимова, Батыр Медетбеков, Базархан Омарбеков, Тастемір Егембердиевтер қонақ ретінде қатысты. Сонымен қатар, мектебіміздің «Әкелер мектебінің» төрағасы Б.Қарабалаев пен осы қоғамдық ұйымның мүшесі Б.Байтов және оқушылардың әкелері көрермендер ретінде қатысты.

Іс-шараны мектеп директоры А.Агайдарова ашыр беріп, жиынға қатысушы ата-аналарды оқушылардың 1 жарты жылдықтағы білім сапасы туралы, пәндік олимпиададан, спорттық жарыстардан және конкурстан алған жетістіктерімен таныстырды. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, әлімжеттіліктің, буллинг, кибербуллингтің, ертежүктіліктің, құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

Тәлімгер Ұ.Құдайбергенованың ұйымдастыруында оқушылар М.Шахановтың «Әке үкімі» поэмасынан көрініс көрсетті. Сонымен қатар, оқушылар әке туралы жырлар оқып, мақал-мәтел, нақыл сөздерді айтты. Б.Байтов «Әке» әнін, іс-шараны жүргізуші әрі әнші Б.Әбдуев «Менің әкем –ең жақсы адам» әнін аса толғаныспен шырқады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Махамбет Айтпай келген ата-аналарға бала тәрбиесіндегі әкенің орнын жете түсіндірді. Өсіп келе жатқан жасөспірімдердің өміріне алаңдаушылық білдіріп, оларды ұлтжанды, отаншыл етіп тәрбиелеу керектігін және олардың білімге, тәрбиеге аса назар аударуы үшін мектеп пен ата ананың үнемі байланыста болу қажеттілігін түсіндірді.

Іс-шара соңында мектеп директоры А.Агайдарова мен «Әкелер мектебінің» төрағасы Б.Қарабалаев белсенді және ұлдары үздікке оқитын әкелерді марапаттады. Іс-шараға қатысқан ата-аналар мағыналы кеш болды-деп өз ризашылықтарын білдірді.
Гулнара ДАУЛЕТБАЕВА,
Қ.Дәрімбаев атындағы №41 ЖББМ КММ директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Жетісай ауданы.
2025-02-19