«ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ» ЕСТЕЛІКТІ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет, Білім саласы, Жас буын, Мерекелік шара, Руханият
19/02/2025
3 Views
Жақында біздің Ш.Құдайбердиев атындағы №32 жалпы білім беретін мектебімізде 14 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай, «Ерлікке тағзым» тақырыбында естелікті кездесу болып өтті.
Осы патриоттық іс-шараның мақсаты: Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігін еске түсіру, жастарымызға патриоттық тәрбие беру және тарихи оқиғалар туралы шынайы ақпарат тарату болды.
Кездесуге Ауған соғысының ардагерлері төрағасы және ауған соғысы ардагерлері – Абдусаттар Султанов, Ақназар Биманов, Даулет Кабулов пен басқа да ағаларымыз қатысты. Оқ пен оттың ортасынан оралған ардагерлер оқушылармен сұхбаттасып, соғыс жылдарындағы қиындықтар мен қызықты оқиғаларымен бөлісті. Бұл кездесуде олар өздерінің соғыс кезіндегі естеліктерін айта отырып, жастарға елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті, бойларында отаншылдық сезімді сіңіруге тырысты, 10 жылдай уақытқа созылған сол соғыс туралы құнды ақпараттар айтты.
Естелікті кездесу барысында, жоғары сынып оқушылары тарапынан сахналық көріністер қойылса, өнерлі оқушыларымыз патриоттық әндер шырқап, жүректен шыққан өлең жолдарын арнап, шараға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Бұл кездесу – жас ұрпаққа тарихи шындықты жеткізіп, олардың бойларында Отансүйгіштік рухты арттыруға арналған маңызды іс-шаралардың бірі болды.
Айта кетсек, 1979-1989 жылдар аралығында КСРО-ның 620 мың азаматы Ауғанстан аумағында әскери қызметін өтесе, әскер құрамында 21 мың адам жұмысшы және қызметші кәсібінде болды. Жалпы алғанда Ауғанстанда Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамында барлығы 200 153 адам (2265-і қазақстандық ерлігі үшін) мемлекеттік марапаттауларға ие болса, оңың 10 955-і сол соғыста шейіт кетті. Қазақстаннан Ауған соғысына 22 000 адам қатысса, ресми дерек бойынша олардың 761-і қаза тауып, 21-і адам хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда Қазақстанда он мыңға жуық Ауған соғысына қатысқан ардагерлер бар. Олардың үш мыңдайы мүгедектер қатарында.
Айтджанова Шолпан Курманказықызы,
Ш.Құдайбердиев атындағы № 32 ЖББМ КММ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Жетісай ауданы.
2025-02-19