АСЫҚ – АЛТЫН ҚАЗЫНАМ
Posted by: Қалмұрат
in News, Білім саласы, Жас буын, Қоғам, Мерекелік шара, Руханият
05/03/2025
6 Views
Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі – асық ойыны. Бұл тек ермек үшін ғана емес, баланы дәлдікке, мергендікке, ептілікке баулитын тәрбиелік мәні зор ойын. Осыған орай, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында балабақшамызда «Әкелер мектебі» бағыты бойынша «Асық – алтын қазынам» атты тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шараны өткізудегі мақсатымыз – балаларды ұлттық ойындар арқылы дәлдікке, әділдікке, жеңіске деген құштарлыққа тәрбиелеу, сонымен қатар әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін нығайту.
Іс-шараға әкелер мен балалар бірге қатысып, асық ойнаудың түрлі тәсілдерін үйренді. Әкелер балаларына асықты дұрыс ату, көздеу, мергендік қабілетті арттыру әдістерін көрсетті. Сонымен қатар, асық ойынының тарихы, оның бала денсаулығына, ойлау қабілетіне, шыдамдылық пен жылдамдыққа тигізетін пайдасы туралы әңгімелер айтылды.
Асық ойнау – қазақтың көнеден келе жатқан ұлттық мұрасы. Бұл ойын арқылы балалар тек ептілік пен мергендікті үйреніп қана қоймай, әділдік пен намысқойлық секілді қасиеттерді бойына сіңіреді. Балалардың асық ойнауға деген қызығушылығы жоғары болып, әкелерімен бірге уақыт өткізгені олардың көңілінен шықты.
Тәрбиелік мәні ерекше осындай іс-шаралар арқылы біз ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, әкелердің бала тәрбиесіндегі орнын айқындаймыз. «Асық – алтын қазынам» ойыны келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырар асыл мұра екені сөзсіз.
Абильдаева Айжан Болатовна,
“Аянат-сұлу” бөбекжай балабақшасы ЖШС-нің
«Балапан тобы» тәрбиешісі.
Жетісай ауданы.
2025-03-05