Өмірімізде кездесетін түрлі жағдайларға байланысты алименттерді төлеу немесе сұрату қажеттілігі туындауы мүмкін. Осы мақаламызда еліміздегі алимент мәселелеріне қатысты заңнамамызда көрсетілген жайлар туралы қысқаша айтып өтетін боламыз.
ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексінің», «Отбасы мүшелерінің алименттік қатынастары» атты 5 бөлімінде соған қатысты қажетті деректер келтірілген.
138-бап. Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттері
-
Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағудың тәртібі мен нысанын ата-аналар дербес айқындайды.
Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын, сондай-ақ жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары бiлiм беру жүйесiнде оқитын кәмелетке толған балаларын күтіп-бағу туралы келісім (алимент төлеу туралы келісім) жасасуға құқылы.
-
Егер ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына, сондай-ақ жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары бiлiм беру жүйесiнде оқитын жиырма бір жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады.
-
Ата-аналардың алимент төлеу туралы келісімі болмаған кезде, кәмелетке толмаған балаларға күтіп-бағу қаражаты берілмеген кезде және сотқа талап-арыз берілмеген кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алимент өндіріп алу туралы талап-арыз беруге құқылы.
139-бап. Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері
-
Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға – ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің – төрттен бір бөлігін; екі балаға – үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады.
-
Бұл үлестердің мөлшерін сот тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайларын және назар аударарлық өзге де мән-жайларды ескере отырып, кемітуі немесе көбейтуі мүмкін.
140-бап. Кәмелетке толмаған балаларға алимент ұсталатын жалақының және (немесе) өзге де кірістің түрлері
Ата-ананың алатын және алимент ұсталатын жалақысы және (немесе) өзге де кірісі түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітеді.
141-бап. Тұрақты ақша сомасында балаларға алимент өндіріп алу
-
Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеу туралы келісімі болмаған кезде және ата-ананың табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлестік қатынаста алимент өндіріп алу мүмкін болмаған, қиындық тудырған немесе тараптардың бірінің мүдделерін елеулі түрде бұзатын жағдайларда, сот тұрақты ақша сомасында немесе бір мезгілде үлеспен және тұрақты ақша сомасында ай сайын өндіріп алынатын алимент мөлшерін айқындауға құқылы.
Мұндай жағдайларға тұрақты емес, өзгермелі табысы және (немесе) өзге де кірісі бар не, егер ата-ана табысын және (немесе) өзге де кірісін толығымен немесе ішінара заттай алатын ата-аналардан алимент өндіріп алу жатады.
-
Күндізгі оқу нысаны бойынша жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, жоғары білім беру жүйесінде оқитын жиырма бір жасқа дейінгі балаларға күтіп-бағу қаражатын өндіріп алу алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот тәртібімен тұрақты ақша сомасында жүргізіледі.
-
Тұрақты ақша сомасының мөлшерін сот тараптардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен басқа да назар аударарлық мән-жайларды ескере отырып, баланың бұрынғы қамтамасыз етілу деңгейін мүмкіндігінше сақтайтын көлемдегі айлық есептік көрсеткіш мөлшерін негізге алып айқындайды.
-
Егер ата-аналардың әрқайсысының қолында балалар қалатын болса, алименттің мөлшері оның біреуінен аз қамтылған екіншісінің пайдасына осы баптың 3-тармағына сәйкес ай сайын өндіріп алынатын және сот айқындайтын тұрақты ақша сомасында белгіленеді.
142-бап. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға алимент өндіріп алу және оны пайдалану
Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға алимент осы Кодекстің 138–141-баптарына сәйкес өндіріп алынады және балалардың қорғаншысына немесе қамқоршысына немесе олардың патронат тәрбиешілеріне төленеді.
Қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронат тәрбиешіге берілген балаларға арналған алимент төлемдерінің сомасы екінші деңгейдегі банктерде ашылған осы балалардың депозиттік шоттарына аударылады.
143-бап. Еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балалардың алимент алуға құқығы
-
Еңбекке жарамды ата-аналар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларын күтіп-бағуға міндетті.
-
Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларға алимент мөлшерін сот алимент төлеу кезіндегі қолданылып жүрген айлық есептік көрсеткіштің еселенген қатынасында, тараптардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен басқа да назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып, айқындайды. Өздеріңіз көргендей Кодексте бәрі анық әрі түсінікті түрде келтірілген. Алайда, бұл жерде басты есте ұстайтын нәрсе, ешқандай алимент толыққанды отбасының орны баса алмайды. Өмірдегі ең жақыным деп санап жүрген адамының өзіне алимент төлеуден қашып жүргенін көрген ұл не қыздың келешекте жарымкөңіл болып өспесіне кім кепіл? Өз некесін бұзуды ойлаған ата-аналар осы мәселе туралы да жақсылап ойласа жақсы болар еді.