«ЖЕТІСАЙ» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ЖАҢА ҚҰРАМЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Sports, Жаңалықтар, Спорт
08/04/2025
19 Views
Қазақстан Бірінші лигасы ойындарының қарсаңында жергілікті «Жетісай» футбол клубының жаңа құрамы таныстырылды.
Аудандық «Жетісай» мәдениет үйінде өткен шараға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров пен аудандық мәслихат депутаты Бекет Ділдабаев, клуб жанкүйерлері қатысты.
Биылғы маусымға дайындық барысында өткізілген 3 кезеңнен тұратын оқу-жаттығу жиындарының нәтижесінде команданың негізгі құрамы 25 ойыншымен жасақталса, 12 ойыншы аудан тумасы.
«Біз клубты ашып қателеспеген екенбіз. Бүгінде ауданымыздың көптеген жастары өздеріңізге қарап бой түзеп, салауатты өмір салтын ұстанып келеді. Бұқаралық спортпен айналысушылардың да қатары күн санап артып отыр.
Алғашқы жылы ІІ лигада ел чемпионы атанып, былтырғы маусымда да жоғары нәтиже көрсеттіңіздер. Биылғы маусымда да биіктен көрініп, ауданымыздың мерейін үстем етулеріңізге тілектеспін» деген аудан басшысы жанкүйерлерді жаңа футбол маусымымен құттықтап, ойыншыларға жейде табыстау рәсіміне қатысты. Команданың бас бапкері Ерлан Шойтымов пен спорттық директор Самат Егеновке өз атынан алғыс хаттар табыс етті.
Жаңа құрамда Азамат Жомартов пен Думан Шалтынбаев қақпаны қорғаса, Даниел Мауленов, Абылайхан Шамшидин, Даурен Мажитов, Ернұр Базарбай, Тілеуберді Момын, Елжас Сарбай, Орал Орынбасар, Мақсат Иманәлі мен Асылжан Асатулла қорғаушы позициясында, Ернар Қоспаев пен Еламан Айтөре, Қазыбек Мұхитұлы мен Иманғали Бастар, Данияр Ерлан мен команда капитаны Бекнұр Рысқұл, Айдос Қаржау мен Давранбек Сеитов жартылай қорғаушы позициясында ойнайды.
Ал, Тимур Зуфтаров пен Нұржан Дәндібаев, Хансұлтан Айту мен Бағжан Сәрсенбек, Батырхан Мұстафин мен Аян Құлмағанбетов сынды команданың локоматив ойыншылары қарсыластардың қақпасына бағытталатын негізгі соққылардың авторлары атанатын болады.
Биылғы маусымда клубтың бас бапкері міндеті Ерлан Шойтымовтың иығыга жүктелсе, бас бапкердің көмекшісі қызметін Нұрсұлтан Пазилбеков, қақпашылар бапкері қызметін Иван Хамзин атқарады.
Айта кетейік, жерлестеріміз Қазақстан чемпионатының І турын 10-сәуір күні сағат 14:00-де Тараз қаласының орталық стадионында жергілікті «Тараз» командасымен өткізеді.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2025-04-08