АДАЛ ҰСТАЗ – ЖАС ДАРЫНДАРДЫҢ АЙНАСЫ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет, Білім саласы, Жас буын, Руханият
29/04/2025
27 Views
Ұстаз болу – тек білім беру ғана емес, болашақ ұрпақтың жүрегіне ізгілік ұялату, олардың тұлғалық дамуына жол ашу. Бұл мамандық – адам өміріндегі ең жауапты әрі қасиетті міндеттердің бірі. Әр ұстаздың жолы – үздіксіз ұмтылыс пен ізденіс, жаңашылдық пен шығармашылықтың көрінісі.
Осы асқақ жолды өзінің өмірлік мұраты еткен тұлғаның бірі – Дәмеш Омарбаева. Ол – айтыскер ақын, әдебиетші, жоғары білімді ұстаз, аяулы ана. Өмір жолын 1980 жылдардың ішінде Жарма ауданы, Қапанбұлақ ауылындағы «Тұрлыхан Қасенұлы атындағы» жалпы орта білім беретін мектептің интернатында тәрбиеші – мұғалім болып бастап, бүгінде Семей қаласындағы «Халықтық ақындар орталығының» Жетекшісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Дәметкен Рамазанқызының еңбегі – сансыз шәкірттердің бойына білім мен тәрбиенің дәнін сеуіп, олардың үлкен өмірге нық қадам басуына жол сілтеумен өлшенеді. Өз ісіне ақ адал шынайы берілген ұстаз: «Дарынды оқушылармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Оқушыларымның көзіндегі шаттық, олардың әрбір жеңісі мен жетістігі – менің еңбегімнің шынайы жемісі, жүрек қуанышы. Бұл жеңістер – тек менің ғана емес, барша ұстаздар қауымының қолдауы мен бірлескен еңбегінің нәтижесі,» – дейді.
Ұстаз үшін әр шәкірттің бойындағы жеке қабілеттерді ашу, олардың талантын дамыту мен жетілдіру – басты мақсат. Әр бала өзін таба білгенде ғана өмірде үлкен жетістіктерге жете алатынын түсінген Дәметкен Рамазанқызы бұл бағытта қажымай еңбек етуде. Оның ұстанымы: әр шәкірттің мүмкіндігін толықтай ашуға, олардың ертеңгі өмір жолында өз орнын табуына көмектесу. Білім мен мейірімділікті, адалдықты ту етіп, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруді өмірлік мұрат еткен ұстаз еліміздің жарқын болашағына өзіндік үлесін қосқаны айқын.
Ұжымда да, қоғамда да Дәметкен Рамазанқызы ерекше сый- құрметке ие. Өзінің іскерлігімен, жан-жақты ізденімпаздығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен дараланып тұрады. Оның қарапайымдылығы мен адамгершілігі әріптестерінің де, шәкірттерінің де жүрегінен ерекше орын алған.
Адал еңбек пен тынымсыз ізденістің нәтижесінде Дәмеш Омарбаеваның ұстаздық еңбегі мен шығармашылық қызметі бірнеше мәрте марапаттарға ие болды. Оның өмірлік жолы – бүгінгі жастарға үлгі, болашақ ұрпаққа бағдар.
Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы,
ақын, филолог-ғалым.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
2025-04-29