Кім білсін ұйқы неге ашылады?
Жетпестен кей тірлікке барсың әлі.
Ниет ақ көңіл ашық болсадағы,
Дей алмайсың көңілім жасымады.
Жүрсеңде өз ісіңді дұрыс санап,
Өсек сөз көңіліңе күдік салад.
Көресіні көрерсің тірі жүрсең,
Әр ісіңді аңдумен ілік табад.
Мағынасыз күй кешу кімге қызық,
Кейде жаның суйды кейде қызып.
Ашуыңды ақылға жеңдіресің,
Жамандықтан бір сәтке үміт үзіп.
Осылай өтіп жатыр жылдар жылжып,,
Айта беру не керек бәрін жыр қып.
Артыңда із қаларлық тірлік істе,
Ұйқыға кетпей жатып мәңгі мырғып.
Сусып күндер өтуде сусып жылдар,
Бастан өтті қуаныш қанша мұңдар.
Кім біледі қайжерден қателестім,
О, Тәңірім ісімді өзің оңғар.
Жақтым рас бақыттың шам шырағын,
Жетер жерге жете алмай алқынамын.
Өлең жазып шерімді тарқатамын,
Деген ой жоқ әзірше сарқыламын.
Немерем бар, шөберем алтындарым,
Мен солардан қуат ап жарқылдадым.
Жетпістіңде келіппін екеуіне,
Ата берсін әрдайым жарқын таңым.
Бұйырса деп тілеймін тәті ғұмыр,
Бұл өмірден көргенде кейде ығыр.
Ойым дұрыс ешкімге зияным жоқ,
Теріс айналып кетседе тағдыр шығыр.
БИІКТЕЙДІ ЖАНЫ ТАЗА ІЗГІЛЕР
«Сәбит Қалдыбаев 63-ке толғанда»
Өмір солай жасыңа жас қосылар,
Асау көңіл тасып барып басылар.
Пайғамбар жас алпыс үшке толыпсың,
Кең жол алдан бақытыңа ашылар.
Алар шыңың алда әлі тосылма,
Жаз жаза түс жетер үнің ғасырға.
Жүзің жарқын, жаның жомарт жігітсің
Домаласын өрге дәйім тасыңда.
Мөлдір ойдан өлең арнап құрайын,
Аға болып мен ойыңнан шығайын.
Сағынғанда есік ашып әрдайым,
Жолын істеп ағалықтың тұрайын.
Сәбит інім биіктесін мәртебең,
Ой теңізде жүзсін еркін өр кемең.
Ғұмырыңда жаманшылық көрмегін,
Жақсыларға өлең арнап тер төгем.
Биіктейді жаны таза ізгілер,
Жетем деумен арманына үздігер.
Айтар тілек, айтар ойым ағалық,
Өс биіктеп, маған салса жүзді көр.
ҚАЗАТЫҢ ЖАҢА ЖЫЛЫ
Жаңа жылым, жаңа гүлім ашылған,
Ыстық күлше жүрегіме басылған
Жаңа жылым жаңа ойым өрбіген,
Сипап өткен сал самалы басымнан.
Жаңа жылым, қазақы жыл ырысты,
Құтты болсын, болсын елге жұғысты.
Шүкір- шүкір, құдайға мың шүкір де,
Көп жастарым иманға бет бұрысты.
Жаңа жылым, жаңа ғасыр беттері,
Сеніміңнің үмітіңнің өткелі.
Тәуелсіз боп егеменді аталдық,
Жер бусанып тіршілігің көктеді.
Жаңа жылым жаңа алып ғасырым,
Алшысынан түрсын дәйім асығың.
Ақ мол болсын, аппақ болсын ойларың,
Пейіл дария өзен болып тасысын!
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЫЗҒАРЫ
Саясатқа көншімей көңілдері,
Тілмен діннен айрылар кезің еді.
Оянып намыс оты жастарымның,
Желтоқсан боп жаңғырды өмірлері.
Ызғары желтоқсанның бет қарыды,
Қолдарында жастардың жоқ қаруы.
«Менің қазақстаным» шырқалып жатты сонда,
Сездіріп жоғарыға ызғар үнді.
Өткізді бастан солай қиындықты,
Намыстың не екенін бұрын ұқты.
Тәуелсіз қазақ елі аталуда,
Солар алғаш байқаған «жылымықты».
Қалды олар мәңгі тарих беттерін де
Ойлы көзбен қарасаң өткеніңе.
Бағыштап рухына дұға оқиық,
Тәубә деп осы күнге жекеніне.
Тұрды ӘЛСЕЙІТ, ақын.
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі.