Мақтаарал ауданы білім бөлімінің басшысы М.Тулаповичтің ұйымдастыруымен 1-желтоқсан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күніне орай кездесу өткізілді. Кездесудің құрметті қонағы Елбасының сыныптасы, ұлағатты ұстаз, аяулы ана Роза Тулемисовна болды.
Кездесу барысында Роза апайдың Елбасы жайлы айтқан естеліктері, халқы үшін жасап жүрген игі істері кез-келген адамның жүрегін тебіренте алды деп ойлаймын. Елбасының сыныптасы болу кім-кімге де аса зор мақтаныш және үлкен жауапкершілік деп білемін. Бүгінгі кеште мен Роза апайдың бойынан нағыз Елбасының сыныптасына лайықты адами қасиеттерді көре алдым. Сабырлылығы, көрегенділігі, ұзақты болжай алатын қасиеті мен ұйымдастырушылық қабілетіне тәнті болдым. Арадан біршама уақыт өтсе де, сыныптастарының басын қосып, Елбасының дара жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ететін бірнеше кітаптар, альбомдар, тіпті, кино шығарып, біз біле бермейтін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаңа қырларынан сыр шертті.
Кеш барысында Роза апайға қойылған сұрақтардан тұщымды, салмақты жауаптарды естідік. Роза апайымыз Елбасы мен Мақтаарал өңірінің арасындағы «алтын көпір» іспетті түйілді маған. Кеш соңында Роза апаймен әңгімелестім. Әңгіме барысында да көрегенділігі байқалып тұрды. Кездесу ерекше көңіл күй, салмақты ой тастады. Елбасының сыныптасы болу – бір бақыт. Елбасының сыныптасымен кездесу өз алдына бір бақыт екенін сезіндім. Мен бақыттымын!
Ш.САРМАНОВА,
Ж.Нұрлыбаев атындағы №49 ЖОМ-ның директоры.