БІЗ ҮШЕУМІЗ
Posted by: Қалмұрат
in Құттықтау
03/12/2020
24 Views
Жұлдыз болып қалды көкте жүрген із.
Біз үшеуміз ғарышты да көргенбіз.
Туған жерді, салт-дəстүрді, тарихты
Жырлау үшін Мырзашөлге келгенбіз.
Боран ақын ысқырады жел болып,
Кейде жауын боп жауады сел болып.
Дауыл мінез, толғатқанда бойында
Тоқтата алмас, жабылып бір ел болып.
Одан кейін, Зікірия – тасқын су.
Тоған бұзып, шығарады ол да шу.
Ойы жүйрік, ұшқыр қалам – мергенім.
Сөз асырмай бастан биік ұстар ту.
Маған кезек келгенінде от болам,
Жылуым бар өшпейтұғын шоқ болам.
Нысанаға дəлдегенде тиетін
Мен жұмбақпын, көрінбейтін оқ болам.
..Біз үшеуміз, арман-оймен ұқсаспыз.
Жақын келіп үңілмесең, ұқпассыз.
Танысамын десең егер, жүгіргін
Іс-сапармен ғарышқа біз ұшпақпыз.
БОРАНБАЙ АҚЫН 70 – ТЕ !
Қыс та келді, таусылып тұр күз бүгін,
Арманыңның қыл-пернесін үзді кім?
Жетпіс жасқа толды бүгін – Боранбай,
Сөнбейтұғын жанартауым, үздігім.
Сен тоңбайсың, туылғансың боранда,
Отты жырмен жылытқансың тоңғанда.
Пушкинді де өлтірді-ғой, адамдар
Содан бəлкім, өкпелісің қоғамға.
Дəл осыдан жүз сексен үш жыл бұрын,
Білесің бе, Пушкин жанын үзді кім?
Қоғам əлсіз, мешел кезде Ресейде
Ақын өлді, мұхит болып жүзді мұң.
Қараңғылық кеңге жайса қанатын,
Күн шыққанмен боп тұрады дала түн.
Жырларыңмен жарық бердің санаға
Мырзашөлде – ең бірінші сен ақын.
Саған қарап ой түзедік бəріміз,
Жүгіргенмен жете алмаймыз əлі біз.
Адамдығың ақындықтан жоғары
Жеткізбейсің, теңесе ме əліміз.
Боран – ақын толды бұл күн жетпіске,
Қанағат та, қайыр да бар əр істе.
Жүзге дейін қалам тартшы халқыңа
Шындық үшін таусылмайтын күресте!..
«ЕRNUR PRESS» ЖШС-і атынан шəкірт ініңіз АСЫЛХАН АЛИЕВ.
Мерекелік арнау Өлең 2020-12-03