АҚШ Қоршаған ортаны қорғау агенттігі Орталық Азия елдерінің ауа сапасын бақылауды нығайтудағы ынтымақтастығын қолдайды
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет, Жаңалықтар, Қоғам, Экология
04/12/2020
16 Views
2020 жыл 4 желтоқсан.
2020 жылғы 2-3 желтоқсан аралығында АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігі – Нұр-Сұлтан және Бішкек қалаларындағы АҚШ Елшіліктерінің қолдауымен C5+1 елдері, яғни Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және АҚШ өкілдерінің қатысуымен ауа сапасын бақылау желілерін дамыту бойынша өңірлік семинар өткізді. Виртуалды семинарға гидрометеорология және ауа сапасын бақылау қызметтерінің өкілдері қатысты.
Америка Құрама Штаттары қоршаған ортаны қорғау және ауа сапасын басқару саясатын әзірлеуде Орталық Азия елдерінің үкіметтерімен серіктестікке әрқашан берік. АҚШ-тың Орталық Азиядағы Елшіліктері 2019 жылдан бастап нақты уақыт режимінде ауа сапасы туралы деректерді бақылап, жариялап келеді. 2019 жылғы қазанда Бішкектегі АҚШ елшілігінің эталондық ауа сапасын бақылау мониторы Қырғыз Республикасының ресми өлшеу құралдарының мемлекеттік тізіміне ресми түрде қосылды.
Екі күндік семинар барысында АҚШ-тың ауа сапасы жөніндегі сарапшылары Орталық Азиядағы ауа сапасын бақылау желілерін құру саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар қалалық ортада ауа сапасын бақылау бойынша нақты мысалдармен жұмыс істеді.
2020 жылдың тамызында АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігі, Нұр-Сұлтандағы АҚШ елшілігі және Алыс қашықтықтағы трансшекаралық ауаның ластануы туралы Конвенцияның Хатшылығы бес күндік семинар өткізді. Онда ауа сапасын бақылау, оның ішінде ластаушы заттардың шығарылуын, денсаулыққа тигізетін әсері мен ауа сапасы туралы ақпарат тарату стратегиялары тәрізді ауқымды мәселелер қарастырылды. Қос семинар Орталық Азиядағы ауа сапасын басқару бойынша өңірлік әріптестік пен үкіметаралық ынтымақтастықты нығайтуды мақсат етеді.
Соңғы бес жыл ішінде АҚШ үкіметі Орталық Азиядағы ауа сапасын қамтамасыз ету жобаларына шамамен 750000 доллар грант бөлді. 2020 жылдың қыркүйегінде АҚШ Мемлекеттік департаменті Қырғызстан мен Қазақстандағы ауа сапасын бақылау желілерін нығайту мақсатында MoveGreen атты жастар экологиялық ұйымына 300000 доллар көлемінде грант бөлді. Үш жылдық жоба ҚырғызГидроМет, ҚазГидроМет, БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (UNEP) және Бішкек пен Нұр-Сұлтандағы АҚШ Елшіліктерімен бірлестікте жүзеге асырылмақ.
C5+1 елдері АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігі Өңірлік семинар 2020-12-04