МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ӨЗГЕ ДІН ӨКІЛДЕРІМЕН КАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет, Қоғам
06/12/2020
9 Views
Ислам діні барша адамзат баласына жақсылық қалайды және де кез келген дін өкіліне құрметпен қарайды. Оның бағыты мына дүниедегі уақытша бақытты және ақыреттегі мәңгі бақытты жүзеге асырады. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары бола алады деген сеніммен әрекет етеді.
Ислам дегеніміз – сенім, құлшылық, шариғат және этикалық нормалар. Ол адамдарды әділдікке, бейбітшілікке, игілікке шақырады, қоғамның құқықтарын белгілейді. Алла тарапынан адамзатты қараңғылықтан жарыққа шығару үшін жіберілген барлық елшілерге тапсырылған жолдау біреу-ақ адамзаттың екі дүниедегі бақытын сол ғана жүзеге асырады. Бұл арабтарға немесе мұсылмандарға арналып жіберілген жолдау емес, олар оны бүкіл адамзатқа таратуға міндетті, ал адамдардың оны қабылдау, қабылдамауы өз еркінде. Өйткені дінге күштеп кіргізу жоқ. Алла Тағала қасиетті Құранда айтады: «Дінде зорлық жоқ. Шындығында, туралық азғындықтан анық ажыратылды. Енді кім жауыздыққа қарсы келіп, Аллаға иман келтірсе, онда ол үзілуі мүмкін емес, мықты байланысты ұстады. Алла естуші әрі білуші» (Бақара сүресі, 256 аят).
Кімде-кім Исламды қабылдамай бірақ Исламға қарсы соғыспаса, мұсылмандарға зұлымдық қылмаса, залымдарға жәрдем бермесе, онда мұсылмандар оған қарауға әрі әділ болуға міндетті. Жер бетіндегі барлық діндер бейбітшілікке, қауіпсіздік пен ғаламдық үйлесімділікке негізделген. Ал күнімізде орын алып жатқан тероризм шеттен шыққан экстремизм және соғыс пен қақтығыс болса, ол әркез бақылауда тұратын жаза басушылық. Исламда тек белгілі бір қағидаларға сәйкес қорғануға ғана рұқсат етіледі. Ислам соғысты шектеп, тепе‑теңдікті қалыптастыратын ережелерді белгілеген. Мәселен, мұның негізінде бүкіл әлемде әділдік пен бейбітшілік туын орнатудың жатқандығы белгілі. Алла Тағала Құранда: «Әй, мүміндер! Алла алдындағы міндеттеріңде мықты болыңдар. Әрі әділ түрде куә болыңдар. Және бір елдің өшпенділігі сендерді әділетсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер» (Мәида сүресі,8 аят).Ислам дін, өмір, меншік және жан мен ұрпақ жалғастығын сақтап қалатын қорғану функциясын көрсетті.
Тарихта қайталанбайтын мұндай тамаша мысалдардан бөлек, кітап иелерінен қыз алуға болатыны, солар құрмет тұтатын бүкіл пайғамбарларға құрметпен қарауға шақыруының өзі де Исламның басқа дін өкілдеріне қаншалықты ілтипатпен қарағанына дәлел. Халифалар дәуірінде де мұсылмандарды паналаған өзге дін өкілдеріне ешқандай қысым жасалған жоқ, қайта олардың құқығы әрқашан қорғалып отырды. Арадағы үнқатысу мәселелері үзілмеді. Осының әсерімен яһудилердің Абдуллаһ ибн Салам сияқты мықты ғалымдары Исламды қабылдағаны белгілі. Ислам қоғамында христиандарға және олардың шіркеулеріне құрметпен қаралды. Шіркеудегі түрлі мүсінді тастарға, мозаикаларға, суреттерге, арнайы мерекелерде тағатын айқыштарына, қабірлері мен жаназаларына құрмет көрсетілді.
Мәселен, Синай тауындағы Синай монастырлығы ІІІ ғасырда салынған. Ол христиан тарихында алғашқы шіркеулердің қатарында болғандықтан мұсылмандардың қолына өткенде мешітке айналдырылмаған. Тек қана мұсылмандардың нышаны ретінде бір бөлмесі ғана намаз оқуға әзірленген. Ислам тарихынан келтірілген мысалдар мұсылмандардың өзге дін өкілдеріне қаншалықты құрметпен қарағанын, дінаралық үнқатысуға қаншалықты маңыз бергенін аңғартады. Бүгінгі таңда да Исламның лаңкестіктен алшақ дін екені, қайта мейірімділік пен бейбіт өмірді жақтайтыны, жалпы исламды дұрыс түсіндіру тұрғысынан дінаралық үн қатысудың маңызды болып отырғаны мәлім. Ислам олардың абыройы мен құқығын қорғайды. Ұрыс-жанжал болған жағдайда да олармен әдеп сақтап, сыпайы сөйлесуге шақырады. Алла Тағала Құран-Кәрімде: «Бұрын кітап түсірілген адамдармен өте сыпайы сөйлесіңдер. «Біз өзімізге берілген кітапқа да, сендерге берілген кітаптарға да иландық. Сендердің тәңірлерің де, біздің Тәңіріміз де біреу-ақ. Біз бір Аллаға ғана бойсұнғандармыз» деңдер» (Әнкабут сүресі, 46 аят) деп, мұсылман адам басқа дін өкілдерімен өзін қалай ұстауы керектігін тура көрсетеді.
Мұсылмандармен бірдей басқа түскен қайғы-қасіретке де олар тең құқықты екен. Ислам діні мұсылмандарға оларды зиярат етуге, сырқаттанып қалса көңілін сұрауға және бір-бірімен сауда-саттық жасау секілді т. б. істерге рұқсат етеді.
Алла елшісі соңғы пайғамбар Мұхаммед Мұстафа (с.а.с) былай дейді: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуа болғандарың». Басқа бір хадисте: «Алла Тағала дене пішіміңізге, бет бейнеңізге қарамайды, бірақ ол сендердің жүректеріңізге қарайды». Әуел бастан түрлі өлкелерде адамзаттың қадыр-қасиеті түрлі нәрселерге байланысты болып келген. Қайсы бір өлкеде күшті адам ең қадырлі деп есептелсе, басқа бір өлкеде мансапты адам ең қадірлі деп есептелген, ал Үнді елінде діни отбасында туылғандар, яхудилерде яхуди боп туылғандар ең жақсы, ең ардақты деп есептелген, басқаларды олардың құлдары деп қараған. Ислам адамзаттың қадірін бұндай әділсіз өлшеуге әуел бастан да, кәзір де түбегейлі қарсы. Исламда адамзаттың қадірі жүрегінің пәктігімен, ықыласына, амалдарына қарай өлшенеді. Алла Тағала тарапынан әділ өлшеу қойылғанда адамдар шынайы қадыр- қасиетін табады. Алла тарапынан қойылған әділ өлшеудің нәтижесінде Исламда қаранәсілді құл болған Билал Хабаши адам баласы қол жеткізе алмаған Қағба үстіне шығып, азан айту бақытына ие болды. Сол әділ өлшеумен кезінде құл болып сатылған парсылық Салман Фарси Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с) ең жақын кеңесшісіне айналды. Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с) бір хадисінде «Салман бізден»- деген, сол сияқты тегі араб болмаған Сухаиб Руми Ислам өлкесінде ең құрметті адамдардың бірі болды. Осы әділ өлшеуменен Орта Азиядан шыққан Имам Бухари, Имам Тирмизи, Имам Насаи, Имам Замахшари, Имам Әбу Мансур Әл-Матуриди, Әл-Фараби, Ибн Сина сияқты имани ықыласпен атқарған амалдары үшін, дүниеден өткеніне мың жылдан астам уакыт өтсе де бұлардың есімдері қадірленіп келуде.
Қорытындылай келе Ислам діні өзге діндер мен өзге дін өкілдеріне, олардың діни рәсімдеріне аса зор құрметпен қарайды. Әрі олардың сенімдері мен ар – намыстарын қорлауға тыйым салады. Исламның көзқарасында оларды өз еркілерінен тыс Ислам дінін зорлап қабылдатуға болмайды. Олармен еркін араласуға, экономикалық, т.б. қарым-қатынастар жасауға толығымен рұқсат береді. Ислам тарихы бұл діннің өзге дін иелерімен тек әділдіктің шеңберінде қарым-қатынас жасайтынына нақты дәлел бола алады.
А. ЖӘЛЕЛ,
Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы теолог маманы.
Әділдік Бейбітшілік Игілік Ислам діні Құрмет 2020-12-06