Бүгінде ауылшаруашылығы саласында шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер жетерлік. Шаруалар үшін ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, бұл салада кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ, аграрлық ғылым мен қарапайым фермердің арасында байланыстың ойдағыдай дамымауы мен т.б. қордаланған мәселелер өнімділіктің төмендеуіне әкеліп соғуда. Бұған қоса, тек шикізат өндірумен ғана шектеліп қалмай, дайын өнімдерге арналған қоймалар салу мен көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шараларды да қабылдау керек.
Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағалануы жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатқанына бәріне белгілі. Агросектордағы осы және басқа да келеңсіздіктерді болдырмау үшін төмендегідей шаралар қабылдау керек деп санаймын.
- Көктемгі егіс жұмыстарын өз уақытында қаржыландыру керек. Өкінішке орай, көктемгі егіс жұмыстарына несие беретін қаржы ұйымдары шаруалардан құжаттарды қабылдауды тек наурыз-мамыр айында ғана бастап, қаржыны мамыр кейде маусым айында береді. Оңтүстік өңірде көктемгі егіс жұмыстардың басым бөлігі қаңтар- ақпан айларында жүргізілетіндіктен бұл диқандарымыз үшін үлкен кедергі болуда. Осыған орай, қаржы ұйымдары тарапынан көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға құжаттар қаңтар айынан бастап қабылданып, диқандарымызға ақпан айында-ақ несие берілсе.
2.Мақтаарал ауданының жалпы егістік жер көлемі 60 926,3 га. Қазірде аудан халқының 80% ауылшаруашылығымен, оның ішінде негізінен егістікпен айналысады.Себебі, ауданда жайылымдық жерлер жоқ десе де болады.
Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары қаңтардың қақ ортасында қырыққабат және қауын (ақпан айы) егу жұмыстарын бастайды. Осы себепті аудан диқандарына, ерте көктемгі егістік жұмыстарына берілетін несинің пайыздық мөлшерін 00,1% -3% арасында және қаңтар айының басынан бастап ақпан айы арасында берілсе дұрыс болар еді. Себебі диқандар дер кезінде егінін екпесе жер құрғап кетуі мүмкін, соның салдарынан диқандарымыз 2 есе шығынға батады.
Айтпағымыз егер де, егістік жұмыстарына қаржы уақтылы бөлінсе және ғылыми орта мен диқандардың өзара байланысы жақсартылса, онда:
1)әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету;
2)миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру;
3)еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту;
4)агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыруға мүмкіндік болар еді.
Нүргүл ПЕРДЕБАЙҚЫЗЫ,
Кәсіпкерлік палатасының Мақтаарал аудандық филиалының директоры.