Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Мырзакенттегі күрделі жөндеуден өтіп жатқан Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның құрылыс жұмыстарын қадағалап қайтты. 2066 көрерменге арналған алып нысан жуық арада пайдалануға берілетін болады.
Жобаның жалпы конкурстық құны 240 миллион теңге. Құрылысты мердігер мекеме «ПМК-7К» ЖШС жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, «Улмад» ЖШС техникалық қадағалаушы болса, «Сантех-Строй Проект» ЖШС авторлық қадағалаушы қызметін атқаруда.
Аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалап, кейбір орын алған кемшіліктер бойынша құрылысқа жауапты басшыларға ескертулер жасады.
Жалпы нысанда 2062 көрерменге арналған орындықтар орнатылған және жаңа 2 қабатты әкімшілік ғимарытының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, стадионда спортшыларға арналған киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, 12 адамға арналған сыртқы әжетхана, күзет бөлмелері бар.
Алып стадионның аумағында «скейдворкауд», «кіші футбол алаңшалары» мен волейбол, баскетбол алаңшаларының құрылысы да қоса атқарылды. Бұған қоса, Алматы қаласынан арнайы мамандар шақырылып, негізгі үлкен алаңға газон өсірілуде.
Айта кететін болсақ, Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадион 1976 жылы пайдалануға берілген болатын.