16 желтоқсан – ата бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге биыл міне 29 жыл толды. Осы жылдар ішінде тәуелсіз мемлекет ретінде тындырған істер де аз емес. Өңірге ғана емес, әлемге танылдық. Дүниедегі күллі елдермен байланыс орнатып, тереземіз барша мемлекетпен теңесті. Бұл да сол Тәуелсіздіктің жемісі. Тарихқа көз жіберетін болсақ, Тәуелсіздік – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, ең алдымен барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі. Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры ол қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Басты байлық жай ұлттық мүдде емес, азаматтардың мүддесі мен қажеттілігі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, этностардың татулығында жатыр.
Қазірде елімізге тыныштық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған жиырма тоғыз жылдың ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады. Еліміздің туы көкте қалықтап, ынтымағы жарасқан ел болайық!
Хасан САБИРОВ,
Мақтаарал ауданы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы.