Deprecated: Function is_staging_site is deprecated since version 3.3.0! Use in_safe_mode instead. in /var/www/vhosts/sayipqiran.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6031
ERG – КІМГЕ БАҚ, КІМГЕ СОР?.. - САЙЫПҚЫРАН.KZ Ақпаратты-сараптамалық порталы
Home » Әлеумет » ERG – КІМГЕ БАҚ, КІМГЕ СОР?..

ERG – КІМГЕ БАҚ, КІМГЕ СОР?..

Павлодар индустриялды аймақ. Алпауыт өнеркәсіптердің басын қосқан ERG компаниясы анау айтқандай жұрттың шекесін шылқытпаса да өңірдің гүлденуіне айтарлықтай үлес қосып, бірнеше мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Әттең, таяқтың екі ұшы бар. Ірі зауыттардан бөлінген химиялық қалдықтардың салдарынан экологиямыз ақсап, он екі мүшеміз қақсап тұр.Жыл сайын Eurasian Resources Group S.a.r.l. (ERG) жергілікті әкімдікпен келісімшартқа отырып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсетеді. 2020 жылы екіжақты құжатқа сәйкес аталған компания 2,9 млрд теңгені ел игілігіне бөлді. Осы қаражат әр түрлі әлеуметтік салаларға бағытталды. Атап айтсақ, қомақты қаржыбілім беру, коммуналдық шаруашылық пен қоғамдық көлік салаларына қатысты цифрландыру жұмыстарына арналған. Сонымен қатар, Ақсу қаласында жылу алмастыру қондырғыларын орнатуға, Екібастұз шаһарында біліктілікті арттыру орталығын салуға бағытталған. Бұл қаражаттың бір бөлігі жергілікті футболды аяғынан қайта тұрғызуға жұмсалды. Компания ақшасын миллиардтап бергенімен өңірде алға жылжыған сала бар ма? Басқаны былай қойғанда жергілікті «ERTIS» футбол клубының ай мен күннің аманында тегіс жерден сүрінгенін дүйім ел біледі. Тәжірибеміз жоқ дейтіндей ірі компаниялармен алғаш рет жұмыс жасап отырған жоқпыз. Мәселен, «Еуразиялық Топ» өңіріміздегі инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды жөндеуге, ірі мәдени-спорттық орындар салуға 2018 жылы 3,7 млрд теңге, өткен жылы 3 млрд теңге бөлген еді. Тоқ етерін айтқанда ERG компаниясы соңғы 8 жыл ішінде 20 млрд теңгеден астам қаражатты өңірдің гүлденуіне арнаған. Бұған әрине марқаясыз. Ал мына бір жайт Ертістің бойын жайлаған елдің көңілін су сепкендей басып отыр. Өңірде соңғы жылдары экологиялық ахуал күрт нашарлап, салдарынан жазылмас дертке шалдыққандардың саны артты. Жүрек қан тамырлары ауруына душар болғандардың қарасы көбейіп, обыр дертінен ел бойынша алдыңғы қатарға бірақ шықтық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек,бүгінде өңірлік онкологиялық диспансерде 11 778 адам есепте тұр.Көп жылдардан бері ел бойынша Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан менПавлодар облысы онкологиялық аурулар бойынша көш бастап келеді. Павлодар өңірінде 2019 жылы сырқаттанушылар көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 326,8 адамды құрады. Ал 2020 жылдың 9 айындағы көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 256,1 көрсеткішке ие. Өңір бойынша бірінші орында сүт безі обыры, екінші орында өкпе, үшінші орында тері обыры, төртінші орында асқазан, бесінші орында жатыр мойны обыры тұр. 2019 жылы онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 122,5 адамды құрады. 2020 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 120,4 көрсеткішке ие. Иә, сәл ілгерлеушілік бар секілді. Бірақ әлі де біз обыр дерті бойынша республика көлемінде алдыңғы орында тұрмыз. Онкологиялық аурулардан көз жұмғандардыңбасым көпшілігі 60 және одан жоғары жастағы облыс тұрғындары екенін айта кеткен жөн. Өкініштісі дауасыз дерт бүгінде балалар мен жастар арасында да көп кездесуде. Өкпе обырына душар болған науқастың бірі Ақсу ауылдық аймағына қарасты Қалқаман кентінің тұрғыны Арыстанбек Солтанхан.
Жасым 31-де. Отбасым бар. Үш баланың әкесімін. Ешқашан темекі шегіп, ішімдік ішкен емеспін. Өмір бойы салаутты өмір салтын ұстануға тырыстым. Биыл ойламаған жерден өкпенің обырына шалдықтым. Дәл қазір Түркияның Стамбул қаласында ем алып жатырмын. Мұндағы дәрігерлер денсаулығымды тексерген соң «сіз шахтада немесе денсаулыққа аса қауіпті радиациялық орында жұмыс істейсіз бе?»- деп сұрақ қойды. Мен мектепте мұғаліммін деп жауап бердім. Олар: «Мүмкін емес!» деп бас шайқасып, таңданысты.  Міне, бұл біздің өңірдегі экологиялық ахуалымыздың жай-күйін көрсететін бірден бір мысал. Осылай жалғаса берсе елдің болашағы не болмақ? Қатарластарымның, бауырларымның экологияның салдарынан мен секілді ауыр сынаққа ұшырағанын қаламаймын,-дейді А.Солтанхан.
Өңірде 2020 жылдың мамыр айында Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінің жаңа кешені пайдалануға берілді. Халыққа мамандандырылған онкологиялық көмектің сапасын жақсарту және көлемін кеңейту, онкологиялық науқастарды оңалту үшін жаңа үлгідегі онкологиялық кешенде қажетті дүниенің барлығы бар. Стационарлық корпус, жеке операциялық-реанимациялық блок жиынтығы, әлемдік стандарттарға сәйкес келетін радиациялық терапияның интервенциялық әдістерін жүргізуге арналған радиопротекторлық бункерлері бар радиологиялық бөлімше жұмыс жасауда. Бұл әрине шыбын жаны үшін шырылдаған науқастарға үлкен көмек. Бірақ біз ең алдымен аурудың салдарымен емес себебімен күрескеніміз жөн болар еді. Жан жағын ауыр металдарды қорытатын зауыттар қоршап алған Ертіс пен Баянауыл арасын мекендеген елдің ертеңі үшін қайтпек керек? Экологиялық ахуалды түземесек «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалары айдан анық. Бұл тұрғыда жергілікті экологиялық Департамент мамандарымен тілдесіп көрдік.
–  Өңірде экологияға қатысты мәселе жоқ деп айта алмаймыз. Индустриялды аймақ болған соң бұл түсінікті жағдай. Біз өз тарапымыздан мүмкіндігіміз жеткенше барлық шараларды  жасаудамыз. Мысалы, 2020 жылдың 10 айында Департаменттің инспекциялық қызметі 37 тексеру жұмысын жүргізді. Оның 13-і профилактикалық бақылау болса, 24-і жоспардан тыс тексеру еді. Жүргізілген профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша Департамент 47 өрескел және 27 елеулі экологиялық заңбұзушылықты анықтады. Бұдан басқа, 21 млн. 805,8 мың теңге сомасы көлемінде 40 нысанға әкімшілік айыппұл салынды. Экологияға келтірілген залалды өтеу үшін кәсіпорындарға жалпы сомасы 2 млрд.642 млн. 755,4 мың теңгеге көлемінде 36 нұсқама берілді. Бүгінге дейін оның 26-сы (14 млн. 830,036 мың теңге сомасы) өндіріліп алынды,- дейді Павлодар облыстық экология Департаменті басшысының орынбасары Дархан Исжанов. Ал ірі өнеркәсіптерге бағытталған жалпы сомасы 7 млн. 809,9 мың теңгені құрайтын 5 нұсқама сот арқылы шешімін таппақ. Олардың қатарында «Ай-Су» ЖШС, «КЭЗ» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ,«ЕЭК» АҚ, «Ертіс Сервис» ЖШС бар.
Күн тәртібінде тұрған экологиялық мәселесінің шешімін табуға жергілікті билік те назар аудара бастаған сыңайлы. Мәселен, облыс әкімі Әбілқайыр Сықақов ілгерідегі халыққа есеп беру кезінде өңір үшін қолайлы екі тәсілді баса айтқан еді.
– Басты мәселе – өндіріс орындарынан бөлінген ластаушы заттардың мөлшері болып тұр. 2019 жылы ол 717 мың тоннаны құраған еді. Бұл ел ішіндегі Павлодар облысының антирекорды», – деп атап өткен болатын аймақ басшысы. Оның пікірінше жағдайды тұрақтандырудың екі негізгі жолы бар. «Біріншісі – ең озық қолжетімді технологияларды пайдалану. Еуропада осы тәжірибе қоқыстарды 94 пайызға қысқартуға мүмкіндік беруде. Ең озық қолжетімді технологияларды енгізген мекемелер қоршаған ортаға эмиссия төлеуден босатылмақ. Ал бұл жұмыстан бас тартқандардың эмиссия мөлшерлемесі уақыт санап арта береді. Айтпақшы, Экология министрлігі ең озық қолжетімді технологияларды алғашқы болып енгізетін топ-50 компанияны іріктеп алған еді. Аталған компаниялар қатарында біздің өңірдегі өнеркәсіптер де бар. Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, өнеркәсіп мекемелерімен бірлесіп ауадағы қоқыс көлемін қысқартуға әбден болады. Әкім ұсынған екінші тәсіл – көгалдандыру. «Табиғат пайдаланушылары өздерінің санитарлық аумақтарын қажетті нормаға дейін көгалдандыруы керек. Аудандағы 16 ірі мекеме он пайыз жерді де көгалдандырмайды! Бұл экологиялық мәдениеттің төмен екендігін көрсетеді», – деп атап өтті Ә.Сқақов.
Әкім бұл ойын осы жылдың 26-шы қарашасында Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сабақтай түсті. Журналистердің сұрағына жауап берген Әбілқайыр Балғабайұлы экология мәселесіне тоқталды.
– Өңірдегі түйткілді проблеманы шешуді төрт негізгі бағытқа бөліп қарастырудамыз. Бұл тұрғыда кәсіпорындардың шыға­рын­дыларын шектеу, тұрмыс­тық қатты қалдықтарды бас­қаруға айырықша көңіл бөлінуде. Сонымен қатар  көгалдандыру және эко­ло­гиялық қоғам өкіл­де­рі­мен өзара іс-қимылды күшей­ту бағдарламаларын іске асырудамыз. Өңірде эко­логиялық кеңес жұмыс істеуде. Біз ERG то­бына қарай­тын ірі кәсі­порын­дарда шығарын­ды­ларды шектеу бойынша он жылдық бағдарламаны іске асыруды қолға алдық. Алдағы уақытта аталған топтағы ірі кәсіпорындар ескірген сүзгілерді заманауи гибридтермен алмастырады. Павлодар алюминий зауытында алғашқы екі фильтр орнатылды. Жаңа сүзгілер жылдық шығарындылар көлемін 2,4 тоннаға азайтатын болады, – деді өңір басшысы өз сөзінде. Сонымен қатар әкімнің айтуынша, алдағы жылдан бастап Павлодар қаласында жыл сайын биіктігі 1,5-2 метр­ден асатын 20 мың түп ағаш отыр­ғызу жоспарлануда. Аталған бағ­дар­лама Екібастұз және Ақсу шаһарларында да жүзеге асырылмақ.
Ғалымдардың зерттеуіне үңілсек орта есеппен бір ағаш жыл сайын шамамен 260 фунт оттегі шығарады екен. Демек, жетілген бір ағаш екі отбасын бір жылға жететін кислородпен қамтамасыз етеді деген сөз. Орта есеппен бір шаңырақта 5 адам бар деп есептесек 20 мың түп ағаш 40 мың отбасындағы 200 мың адамды таза ауамен тыныстауға мүмкіндік береді. Биылғы жылдың қазан айындағы есеп бойынша Павлодар облысында 751212 адам тұратынын ескерсек отырғызылатын ағаштар өңір тұрңындарының шамамен  4/1 бөлігіне жетерліктей ауаны тазартады. Алпауыт зауыттардың алып мұржалары ауыздықталып, заманауи гибридтер орнатылса, көгалдандыру жұмыстары алдағы бірнеше жыл бойы тоқтаусыз жүргізілсе ғана мәселенің беті бері қарамақ. Ендігі жерде жауаптылар бастаған істі орта жолдан тастап кетпей, соңына дейін жеткізсе болғаны.
P.S. Мақалаға қатысты инфографиканы көру үшін төмендегі сілтемеге кіріңіз!
https://public.flourish.studio/visualisation/4506705/
Алпысбай ХОНЖ,
Павлодар қаласы,
Тел: 87710434040,  ватсап 87078381260

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

2023 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ, НОМИНАЛЫ 5 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАЛАРДЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ 28 МАУСЫМДА 2024 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ ЖАҢА ДИЗАЙНМЕН НОМИНАЛЫ 10 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАНЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАР

        ...

«JETISAI MARATHON – 2024» МАРАФОНЫНА МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

        ...

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

        ...

21 ЛЕТНЫЙ ТАЭКВОНДИСТ УЕХАЛ В США

Автор: НАЗИРА БУРХАНОВА,  журналист. ...

«МАҚТААРАЛ» КЕҢШАРЫНА – 100 ЖЫЛ!

Қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ...

БІРЛІГІ БІРТҰТАС БІРЛЕСТІК

        ...

МАТЕМАТИКА ӘДІСТЕМЕ БІРЛЕСТІГІНДЕ АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ІСТЕР ОРАСАН

        ...

ШӘКІРТ ТӘРБИЕЛЕУ – БОЛАШАҚТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

        ...