ЕРЕКШЕ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІНІҢ МЕРЕКЕСІ БЕЛГІЛЕНДІ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет, Жаңалықтар
23/12/2020
65 Views
Құнды деректерді көздің қарашығындай сақтайтын және тарихтың бұрмалануына жол бермейтін жандар әрине мұрағат (архив) қызметкерлері. Солардың құрметіне елімізде ресми түрде “Архивистер күні” бекітілді. Осылайша архив мамандары жыл сайын желтоқсанның 22-ші жұлдызында өздерінің төл мерекелерін атап өтетін болды. Осындай атаулы күнде Жетісай өңірлік мемлекеттік архивінің даму тарихымен бөлісуді жөн көрдік.
Қазақ КСР-і, Шымкент облысына қарасты Киров және Мақтаарал аудандары 1963 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Өзбек КСР-і, Сырдария облысының құрамына берілген болатын. Сырдария облыстық атқару комитетінің 1963 жылғы 15 маусымдағы «Сырдария облысында мемлекеттік мұрағаттар құру туралы» №4 § 89 шешімінің негізінде облыста мұрағат саласын дамыту, мұрағаттың жұмыстарын жеңілдетуді ұйымдастыру, оларды басқару, мемлекеттік мұрағат қорларын толықтыру жұмыстарын арттыру мақсатында Мақтаарал, Киров және Ильич аудандарының аумағын қамтитын – Сырдария облыстық мемлекеттік мұрағатына бағынышты, Киров ауданаралық мемлекеттік мұрағаты құрылды.
Ал, Өзбек және Қазақ КСР-інің арасында әкімшілік-аумақтық өзгерістер болуына байланысты 1971 жылдың шілде айынан Киров, Мақтаарал және Жетісай аудандары Шымкент облысына берілді, сол кезде облыстың мұрағат жүйесіне Киров филиалы өткізілді. 1978 жылы мұрағат Жетісай қаласына көшірілді және Жетісай филиалы деп атала бастады. 1999 жылы атауы өзгерусіз Мақтарал ауданындағы Атакент поселкесіне көшірілді. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 2003 жылғы 29 шілдегі № 86 қаулысына сәйкес атауы «Жетісай өңірлік мемлекеттік мұрағаты» мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді.
Бірнеше рет басқармадағы құрылымдық өзгерістерге байланысты мекеменің атауы өзгеріп отырды. Түркістан облысы әкімдігінің 2019 жылғы 2 шілдедегі № 144 қаулысына сәйкес, Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының «Жетісай өңірлік мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталды және Асықата бөлімі оған бөлімше ретінде қосылып берілді. Қызмет ету аумағымызға Жетісай және Шардара аудандары енгізілді.
Қазіргі таңда архивімізде 84298 дана басқарма құжаттары, 2451 дана жеке текті құжаттар және 1854 дана фото құжаттар сақталуда. Оларда –Мырзашөлді игеру кезіндегі ұжымшарлар мен кеңшарларды ұйымдастыру, Жетісай қаласының құрылуы, тәркілеу, қоныс аударушыларды орналастыру, Киров каналының қазылуы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Мырзашөлдіктердің өмірі және Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі өңіріміздің дамуы туралы құнды деректер бар. Яғни, еліміздің кешегісінен сыр шертетін, құпия болған жайттарды мәлім ететін ақпараттар өңірлік архивте сақтаулы.
Архив мамандары құнды құжаттарды іздейді, өңдейді, сақтайды және онымен бөліседі. Ал, аса маңызды мағлұматтарды алдағы уақытта сандық форматқа көшіру жоспарлануда. Осылайша, бір жағынан тарихи құжаттардың бұрмалануына, жоғалуына жол берілмейді, екінші жағынан бұқараға қолжетімділікті арттырады. Бұның барлығы – архивистердің еңбегі.
Биыл 22 желтоқсан архив қызметкерлерінің күні ретінде бекітіліп, елімізде алғаш рет аталып өтілді. Төл мерекелерінде мамандар 12 айда атқарылған шаруаны қорытындылады. Еңбегімен ерекшеленген мамандар Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Е.Өтебаевтың, Жетісай ауданының әкімі Ж.Бейсенбаевтың, Nur Otan партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Асабаевтың және Жетісай өңірлік мемлекеттік архивінің басшысы М.Хожаевтың Алғыс хаттарымен мараптатталды.
Еліміздегі барша архив саласының қызметкертлеріне архив ісін дамыту жолындағы еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық құт-береке тілейміз.
Пакизат ҚАДЫРБЕКОВА ,
Жетісай өңірлік мемлекеттік архивінің архивисі.
“Архивистер күні” бекітілді «Сырдария облысында мемлекеттік мұрағаттар құру туралы» №4 § 89 шешімі 22 желтоқсан архив қызметкерлерінің күні Киров және Ильич аудандары Мақтаарал 2020-12-23