ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ЕЛДЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНІМДЕРІ МЕН КЕЙБІР ҚЫЗМЕТ ТҮРЛЕРІ ҚЫМБАТТАҒАН
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет
07/01/2021
12 Views
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше – 2020 жылы елімізде азық-түліктің кейбір түрлері 11,3, ал азық-түлік емес тауарларының бағасы 5,5, ақылы қызметтер 4,2 пайызға жоғарылаған екен.
Осы басқармасының нақты деректеріне сүйенсек; 2020 жылы бағаның өсуі – құмшекерге 33,9, күнбағыс майына 33,7, жармаларға 28,7, жұмыртқаға 20, картопқа 16,8, ұнға 16,3, жаңа жиналған көкөністерге және қой етіне 15,4, жаңа жиналған жемістерге 14,9, макарон өнімдеріне 14,7, сары майға 13,6, жылқы етіне 11,9, мәйекті ірімшікке 11,4, шайға 11,2, мұздатылған балыққа 10,1, сиыр етіне 10, сүтке 9,7, шошқа етіне 8, нанға 5,9 пайызды құраған. Ал, темекі өнімдері 14,9, минералды және ас суы 10,4, алкогольді сусындар 7,8 пайызға дейін өскен. Сонымен бірге, алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар 13, жуғыш және тазалағыш құралдар 10,2, дәрі-дәрмек 9,9, жеке қолданылатын тауарлар 9,4, тұрмыстық аспаптар 8, автомобильдер 7,3, ноутбуктер 6,7, жиһаз және үйге қажетті заттар 6,6, ыдыс-аяқ 6,1, киім және аяқ киімдердің бағасы 4,8 пайызға көтерілген. Бұдан бөлек, баға деңгейі құқықтық қызметтер мен жеке көлік құралдарын сақтандыруға 10, кинотеатрлар қызметтеріне 8,1, шаштараздар мен сұлулық салондар қызметтеріне 7,2, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне 6,9, денсаулық сақтау қызметтеріне 6,3, моншаға 5,7, жерлеу қызметтеріне 5,6 пайызға жоғарыласа, тас көмір 3,5, бензин 2,5, таксимен жол жүру, ақысы 6,8, жолаушылардың теміржол көлігімен тасымалдау 4,2-ға, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласындағы тарифтер – қоқыс шығаруға 0,5, электр энергиясына 6,5, суық суға 1, ыстық суға 0,7 пайызға қымбаттаған.
2020 жылы сонымен бірге, кейбір өнімдер мен қызмет түрлерінің орташа құны арзандады да. Мысалы, тауықтың сирағы (окорочка) 5,7, сөк 2,6, күріш 1,7, дизель отыны 6,6, орталықтан жылыту 2, кәріз жүйесінің ақысы 1,4-ға пайызға арзандаған. Осы жерде жолаушыларға арналған әуе қызметін ерекше атап өтуге болады. Оның құны 6,2 пайызға төмендепті. Бұл салаға әрине ғаламдық пандемияның әсер еткені белгілі және де ол 2021 жылы да мемлекеттік қолдаусыз біраз қиыншылықтарды бастан кешірері анық.
Бұл статистикада әрине, еліміздегі әртүрлі өнімдер мен қызмет түрлері бағасының өсуі мен құлдырауы туралы орташа деректер келтіргенмен, кейбірінің бағалары «аспандап кеткен кезі» көпшіліктің есінде. Нақты айтар болсақ, короновирустың алғашқы толқынының ең биік шегінде аса қажет дәрі-дәрмектер мен жеке басты қорғауға арналған өнімдердің (медициналық маска, бір мәртелік қолғаптар, антисептик бұйымдар) құны кейбір аймақтарда 10 есеге дейін қымбат бағаға сатылған болатын. Сондай-ақ, үй жағдайында оқшаулану кезінде қажетті гигиеналық өнімдер мен бірінші қажеттіктегі азық-түлік өнімдерінің жоғары болғанын әлі де ешкім үмыта қойған жоқ.
Қ.САБЫРОВ, Шымкент қаласы.
2020 жылдың қорытындысы Азық-түлік өнімдері қымбаттаған Әуе билеттері арзандаған Нақты статистикалық деректер 2021-01-07