«ADAL BILIM» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНДЕГІ ҚЫЗМЕТІНЕН БАС ТАРТТЫ
Posted by: Қалмұрат
in Жаңалықтар
21/01/2021
20 Views
Талғат Нәрікбаев ҚР БҒМ қарасты «ADAL BILIM» жобалық кеңсесіндегі қызметінен бас тартты. Бұған себеп, сайлау нәтижесі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты VII шақырылымының депутаты әрі қалалық мәслихаттың Заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы болып тағайындалу болып табылады.
«Аталған қызмет пен құзыреттілік заң жүзінде жүктелгендіктен әрі қоғамдық жұмыс болған соң, ҚР БҒМ Жобалық кеңсесіндегі қызметіммен қатар алып жүру мүмкін емес», – деп түсіндіреді ол.
Естеріңізге сала кетейік, «ADAL BILIM» жобалық кеңсесі бір жарым жыл бұрын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің бұйрығымен құрылған. Кеңсе туралы ережені Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бекітті. Сондай-ақ «ADAL BILIM» жобалық кеңсесі өткен жылы дәстүрлі «Адал тұлға – 2020» сыйлығы аясында «Ең үздік ұлттық жоба» атанды. Марапат Жобалық кеңсеге білім және ғылым саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарған жұмыстары үшін табысталды.
Талғат Нәрікбаев Facebook-тегі жазбасында осы уақытқа дейін білім және ғылым саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша атқарған істерімен, талдау және сараптама жұмыстарының нәтижесімен бөлісті. Экс-басшы Жобалық кеңсенің жұмысы бюджеттік қаражатқа емес, КАЗГЮУ-дің қаржысына жүргізілгенін атап өтті. Осы уақытқа дейін келесідей жұмыстар атқарылған:
– Жобалық кеңсе Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 16 қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне талдау жүргізді.
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 16 наурыздағы №124 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар әзірленді. Сондай-ақ Қамқоршылық кеңесі қызметінің типтік ережелеріне өзгеріс енгізу, оның ішінде кеңес мүшелерінің орта жалпы білім беру ұйымдары мемлекеттік мекемелерінің басшыларын конкурстық ауыстыру рәсіміндегі рөліне өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілді.
– Жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудит жүргізудің, жоспарлау рәсімінің регламентін және «стипендиялық қорды» құру мен оны пайдаланудың алгоритмі әзірленді.
– Білім беру ұйымдарына тексеру жұмыстары жүргізілді, оның ішінде колледждердегі білім беру тапсырысына мониторинг жасалып, жергілікті бюджеттен грант бөлу рәсімін жетілдіру бойынша нұсқаулықтар әзірленді. Сонымен қатар Жұмыс тобы жоғары оқу орындарын тексерді, нәтижесінде оқу процесін ұйымдастыруда, кәсіби талаптар мен академиялық адалдық прицниптерін сақтауда бұзушылықтар анықталды.
– Жобалық кеңсе ҚР БҒМ ведомстволық бағынысты ұйымдарын оңтайландыру/тарату жұмыстарының бірінші кезеңін (орталық аппарат құрылымы бойынша нұсқаулықтар, факторлық-балдық шкаланы енгізу, басқарушылар мен орындаушылардың қызметтерін қайта қарау) жүзеге асырды. Сондай-ақ екінші кезеңді жүзеге асыру үшін 18 квазимемлекеттік субъекті бойынша талдау жұмыстары жүргізілді.
Жазба соңында Талғат Нәрікбаев, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатындағы депутаттық қызметінде елордамыздыңбілім беру, қоғамдық қауіпсіздік (құқықтық тәртіп) және денсаулық сақтау салаларын дамытуға көңіл бөлетінін айтты.
ҚР БҒМ «ADAL BILIM» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ
БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ.
«Адал тұлға – 2020» сыйлығы ADAL BILIM жобалық кеңсесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2021-01-21