ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ СЕМІЗДІК АУРУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет, Денсаулық
03/02/2021
88 Views
Статистикаға сүйенсек, қазақстандық балалардың 20 пайызы cеміздіктен зардап шегеді. Семіздік деген қауіпті естілмегенімен, дәрігерлер бүгінде бұл мәселеге дабыл қағып жатыр.
Медицинада семіздікті метаболикалық синдром деп атайды. Ол өте қауіпті. Метаболикалық синдромға шалдыққан адамның ағзасында метаболикалық, гормонды және клиникалық бұзылыстар байқалады. Яғни, семіздік жалғыз жүрмейді, онда бірден бірнеше ауру пайда болады. Бұрын семіздік деген тек 40-тан асқан және бірнеше бала босанған келіншектерде ғана кездесетін, бірақ қазіргі уақытта бұл дерт жастар арасында, әсіресе, оқушылар арасында белең алып жатыр, Сондай-ақ, семіздікке шалдыққан баланың ата-анасының көбі мұны генетикамен байланыстырады. Иә, балаға семіздік көбіне тұқымнан келеді. Бірақ ата-анасы артық салмақтан зардап шексе, баласы да міндетті түрде дәл сондай семіздікке шалдығады дегенді білдірмейді. Семіздік негізінен ағзадағы алмасу процестерінің қалай өтетініне байланысты пайда болады. Генетикадан басқа, оған басты себеп дұрыс тамақтанбау мен физикалық жүктеменің аз болуы екенін айтады. Бірінші кезекте әрине дұрыс тамақтанбау. Фастфуд пен тәтті сусындарды шамадан тыс пайдалану.
Осы проблеманы шешуде ата-ананың рөлі өте зор. Олар семіздіктің қандай дерттерге шалдықтыратынын түсінуі қажет. Метаболикалық синдром гипертония, қант диабеті, асқазан-ішек жолдары қызметінің бұзылуы, холецистит, панкреатит, өтте тастың пайда болуына әкелуі мүмкін. Айта кету керек, бүгінде қант диабетіне шалдыққан балаларды емдеу өте күрделі болып кетті.
Осы ретте дәрігерлер мына белгілерге назар аударуға кеңес береді: – тою сезімінің болмауы; – енжарлық; – түнгі уақытта тәбеттің пайда болуы; – ұйқының бұзылуы немесе керісінше ұйқышылдық – ешбір физикалық жүктемесіз ентігу; – буындардағы ауырсыну-жамбас, тізе, тізе-аяқ басы буындарында. Осы белгілер байқалған жағдайда дәрігерге көрінуге кеңес береді.
А.СЕЙДІМХАН,
Мақтаарал аудандық СЭБ басқармасының Санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау, техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің жетекші маманы.
Балалар арасындағы семіздік 2021-02-03