ХАЛЫҚ СОТТАН ӘДІЛ ШЕШІМ КҮТУДЕ
Posted by: Қалмұрат
in Жаңалықтар
16/02/2021
22 Views
Мақтаарал аудандық сотының төрағасы Мұсаев Құнанбай Әбиболлаұлы 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды жиын өткізді. Бұл басқосуға ауданымыздағы БАҚ өкілдері қатысты.
Аудандық соттың төрағасы Қ.Мұсаев өз сөзінде 2020 жылы жалпы соттың іс жүргізуіне 2833 істің келіп түсіп, қаралғанынан айтты. Қылмыстық бағытта 120 келіп түсе, оның 72-не үкім шығарылды. 29 іс тоқтатылып, 8 тұлғаға 1 154 595 теңге айыппұл салынып, ол сома толық төленген. Сотқа азаматтық істер бойынша 994 іс (арыз) түссе, солар бойынша 660 іс қозғалып, 172-сі тоқтатылған, 446 шешім шығарылған. Әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты 611 іс түссе, оның 604-не қатысты қаулы шығарылып, 31 ескерту жасалған. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты 2020 жылы 3 адамға қылмыстық іс қаралып, тиісті шешімдер шығарылған. Осы іс бойынша 2 адамға 450.000 теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалған. Біреуі ҚР «ҚР Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес жазадан босатылған.
Жиын кезінде медиацияға жүгінетін азаматтардың санының артқаны да айтылды. Қылмыстық істер бойынша 12, азаматтық істер бойынша 66 және әкімшілік құқық бұзушылық қатысты 63 іс қаралып, өз шешімін тапқан. Осылардың өзі судьялардың жұмыстарына елеулі көмек болып отыр.
Есепті кезеңде аудандық сот судьялары мен мамандары сот саласының тыныс-тіршілігі мен осы салада орын алып жатқан өзгерістерге қатысты БАҚ-та жалпы 40 мақала, 3 телесұхбат пен 4 «Дөңгелек үстел» өткізген.
Жиын қорытындысында сот төрағасы Қ.Мұсаев мырза, «Біз қандай істі қарасақ та, ҚР Заң талаптарына сақтай отырып, шешім шығарамыз. Халық бізден әділ шешім күтуде, біз сол үмітті ақтауға барымызды саламыз»,-деді.
Қ.ДӘУЛЕТБАЕВ.
Жылдық есеп Мақтаарал аудандық соты Сот төрағасы Қ.Мұсаев 2021-02-16