ТЕХАСТА ЖАҒДАЙ ӘЛІ КҮРДЕЛІ
Posted by: Қалмұрат
in Әлемде, Қоғам
21/02/2021
18 Views
АҚШ президенті Джо Байден Техаста ауа райының күрт суытуына байланысты төтенше жағдай режимін жариялады.
Жайсыз ауа райының салдарынан АҚШ-тың осы штатында миллиондаған адам электроэнергиясы мен қажетті ауыз суға қол жеткізе алмай қалды. Сонымен бірге, қатты суықтардың кесірінен жолдардың жабылуы себепті дүкендерге уақтылы тауарлар жеткізілмеуінен, азаматтар қажетті азық-түліктерге қол жеткізе алмауда. Кейбір тұрғындар дүкендердің алдында 4-5 сағатқа дейін кезекте тұруға мәжбүр болған.
Енді осы төтенше жағдай режимінің арқасында штат тұрғындары федералдық үкіметтен тікелей қаржылық көмек ала алады, оның ішінде өздері тұрып жатқан тұрғын үйлері мен оны жөндеу жұмыстары үшін де. Сенбі күні таңертең 13 миллион техастықтың әлі де ауыз суға қол жеткізе алмағаны, ал 80 000 адамның электр қуатына қол жеткізе алмағаны жарияланды. Қатты суықтардың салдарынан ресми деректер бойынша 60 азамат қайтыс болды делінсе де, шындығында қайтыс болғандар мен бірге денесін суық шалғандар саны әлдеқайда көп деген деректер де айтылуда. Себебі, Техаста Мексика мен өзге елдерден келетін заңсыз мигранттар өте көп. Ал олардың арасында нақты қанша адамның қайтыс болғаны мен зардап шеккені белгісіз болып отыр. Осы аптада АҚШ-тың лңтүстік штаттарында соңғы 30 жылда болмаған суық ауа-райы орнады. Осы суықтан бәрінен бұрын Техас штаты қатты зардап шекті.
Мамандар нақты осы штаттың осындай қиындыққа тап болуының бірнеше себебін айтуда. Ең бастысы ретінде жергілікті тұрғындардың тұрақ жайлары мұндай қатты суықтарға арналмағаны айтылуда. Олардың қабырғалары жұқа, ал үйді жылытуда тек кондиционерлер ғана қолданылады. Бір не екі қабатты үйлерде камин пештер бар болғанмен, олар негізінен сәндік белгісі ретінде қабылдануда. Кейбір тұрғындар тіпті оны қалай тиімді пайдалануды да білмейтіні анықталды. Қатты суықтардан қорғану үшін тұрғындар кондиционерлерді барынша қолданулары салдарынан туындаған салмақтан жергілікті электр станциялары қажетті энергияны бере алмаған. Электр энергиясы болмаған соң, ауыз сумен қамту жүйесі істен шығып, суықтан ауыз су трубалары жарылып, нәтижесінде қосымша мәселе туындады. Ал штаттың электр энергия жүйесі өзге штаттардан дербес болғандықтан, көршілерінен көмек ала алмады. Бұдан бөлек жергілікті жерде автокөліктерде негізінен «жазғы дөңгелектер» қолданылатындықтан, автожолдарда көктайғақ мұздардың салдарынан жол-көлік апаттары көп орын алған.
Штат басшылығы тұрғындарға басты қиындықтардың артта қалғанын, апат салдары тез жойылып, азаматтардың қалыпты өмірге қайтулары үшін барлық жұмыстардың қарқынды түрде атқарылып жатқанын мәлімдеуде.
Ербол МАҚСАТОВ,
Алматы қаласы.
АҚШ Соңғы 30 жылдағы суық ауа райы Техас штаты. 2021-02-21