Арамсояу – шырмауық тұқымдасына жататын біржылдық тоғышар (паразиттік) арамшөп. Сабағы сары түсті, жіп тәрізді, жуындығы 0,8 мм. Бұл арамшөптің тамыры мен жапырағы болмайды. Өзіне керекті қоректік заттарды басқа өсімдіктердің сабақтарына жабысып сорып алады. Арамсояу тұқымы арқылы және вегетативтік жолмен көбейеді. Тұқымның ұзындығы 0,9-2,0 мм, ал ені 08,-1,5 мм. Арамсояудың бір өсімдігі 20 мыңға дейін тұқым береді. Топырақта өнгіштік қабілетін 4-5 жылға дейін жоғалтпайды.
Топырақ +20+25 С қызғанда 4,0 см тереңдіктен жақсы өніп шығады. Егер ылғал жеткілікті және температура қолайлы болса, тұқым үш аптаның ішінде өніп шығады. Көктеп шыққан өркен екі апта бойы тұқымдағы қоректік заттарды пайдаланып, 4-5 см-ге дейін өсіп үлгереді. Арамсояу сабақ кесінділерінің ұзындығы 12-15 см шамасында болса, ол өзінің өніп-өсу қабілетін толық сақтайды. Арамсояу карантинді арамшөптер қатарына жатады. Аталған арамшөп негізінен Қазақстанның оңтүстік – шығыс аймағында кең таралған. Ол әсіресе қант қызылшасы, темекі, күнбағыс, картоп, жоңышқа, беде және басқа дақылдардың егістіктерін ластайды. Агротехникалық және химиялық жолмен күрес жүргізу қажет.
Карантиндік шаралар:
-
Арамсояумен оңтайлы немесе аздап залалданбайтын дақылдар (дәнді-дақылдар, күнбағыс, асқабақ тұқымдастар және басқалар) және аздап залалданатын және таза сүрі жер танабы жүргізілген ауыспалы егіс тәртібін дұрыс сақтау;
-
Таза сүрі жерді өңдеу;
-
Сүдігер жырту;
-
Көктемде егіс себер алдында 2-3 рет қопсыту, ал суармалы жерде өндіргіштік суарумен сәйкестіре атқару;
-
Дақылдарды күтіп баптау (арамшөптерді жою, қатар аралықтарды өңдеу т.б)
-
Залалданған егістегі арамсояу ошақтарын гүлдегенге дейін ору;