Deprecated: Function is_staging_site is deprecated since version 3.3.0! Use in_safe_mode instead. in /var/www/vhosts/sayipqiran.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6031
БАТАГӨЙДІҢ АЙТҚАНЫ АҚСАҚАЛДЫҚ ДЕП БІЛЕМІЗ - САЙЫПҚЫРАН.KZ Ақпаратты-сараптамалық порталы
Home » Қоғам » БАТАГӨЙДІҢ АЙТҚАНЫ АҚСАҚАЛДЫҚ ДЕП БІЛЕМІЗ

БАТАГӨЙДІҢ АЙТҚАНЫ АҚСАҚАЛДЫҚ ДЕП БІЛЕМІЗ

      Айтсаң су ішкен құдығыңа түкіргендей боласың,  айтпасың санаң мен ар-ұятыңды жегідей жейтін жәйттер бар. Былтырғы жылы несімен ерекшеленеді дегенге келсек, жетістігіміз де, «жетіскен жеріміз» де болған екен-ау. Дегенмен, бір жағдайды бөле-жара айтпасқа болмас. 2020 жылы ақсақалдар арасынан жік шықты. Жік шыққанда да басы бар, аяғы жоқ дау бас ауруға айналды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы науқастанып ауруханаға түсіп еді, орнына көз алартқандар осы тұста әрекетке көшті. Ақыры талас додасына түскендерді қолдайтын замандастары екі жаққа бөлініп, сөздің нүктесін қоюды сотқа тапсырды. Сот әкесінен де үлкен қарияларға қалай төрелігін айтсын, ұзын құлақтан естуіміз «медиаторлар шешсін» дегенге келтіріпті.  Осы жерде айтпаса болмас тағы бір күрделі мәселенің шеті шығады. Бүгінгі медиаторлар кімдер? Әрине, әр ауылдың бас көтерер ақсақалы. Ауылдан шыққан ақсақал «ауданның төрінде отырамын» деп кеудесін кергендерді қалай бітімге келтірмек. Қартайғанның бәрі қария, шашы ағарғанның бәрі ақсақал емес деген осыдан қалса керек-ті…
      Ешқашан дауласушы тараптардың екеуініңкі де дұрыс болуы мүмкін емес. Міндетті түрде біреуінікі бұрыс немесе екеуінікі де қате болады. Бұл жерде ескеретін жәйт- аудан ардагерлері кеңесінің төрағасы ақсақал болған соң онымен аудан басшылары да, сотың да, прокурорың да ақылдасуы орынды. Өйткені, ата салтымызда қанға сіңген әдет-нендей жағдай болмасын ақылдасарда ақсақалдың аузына қарайтын қазақпыз. Арғы жағын айтпасам да өздеріңіз де түсініп, байыбына барарсыздар.
       Сонымен, даудың соңы қай жерге дейін тірелер деген сауалдың төңірегінде ойлана келе бір шешімін тапқандай да болдық. Бұл теңеуім тұрпайылау болса да айтайын, медицинада уды у қайтарады деген сөз бар.  Не де болса ақсақалдарға әлі де жөн көрсетер адам өз арасынан табылар деген оймен ауданымызда беделі жоғары,  аузы дуалы қарияны іздестіріп таптық та. Жетісай ауданының киелі топырағы қаншама дүлділ ақындар мен жырауларды, адалдықты ту етіп, салиқалы сөз құдіретін бағалай білетін бекзаттарды, өзінен бұрын елдің тілеуін тілеп, елім-жерім деп ұрандатқан намысқа берік айбынды ардақтыларды жаратқанына шежірелі тарих қойнауы куә. Ол үшін Жаратқанға тәубә етіп, олармен мақтанып, марқаюды қалап тұрамыз. Міне, осындай тектінің тұяғы, алтынның сынығы, көкірек сарайы сыр сандық шежіреші-жырау әрі ауданымызда айтыс өнерінің өркендеуіне өзіндік үлес қоса білген ақын, Елбасымыз ауданға келгенде бата берген дуалы ауыз батагөй ақсақал, ел құрметіне бөленген Оразқожа Бекахметовты еліміздің басқа өңірлерін қайдам, аудан халқына таныстырудың өзі артық дүние болар. Қаншама әлемдік деңгейдегі әдеби туындылардың негізін салушы ұлылардың құнды еңбектерін үтір-нүктесіне дейін қалт жібермей оқып, танысып, көзінің қарашығындай қадірлеп,  сақтаған, сондай-ақ, қазақтың маңдайына біткен ақын-жазушылардың асыл қорын төбе көтеріп, сарқа ішкен абыз ақсақалмен жақында түрлі рухани мәселелер  аясында әңгіме өрбіткен болатынбыз.
      – Ақсақал, алдымен сөзімізді кітапқұмарлығыңыздан бастасақ. Сізді Қазақ әдебиетінің көзі қарақты оқырманы, нағыз жанашыры ретінде танып, жинақтаған кітап қорыңыздың өте мол екенінен хабарымыз бар. Кітап оқуға деген құштарлық табиғатыңыздан ба әлде үлгі тұтар кейіпкерлеріңіздің әсері ме? Оқығандарыңызды есте сақтау қабілетіңізді тамсанып айтып жүретіндерді жиі кездестірдік.
           – Кітап оқуға менің құштарлығым әрине, бірінші, Алладан шығар, екінші, әкем марқұмның қанымен келген болар деп ойлаймын. Өйткені әкем көзі ашық, көкірегі ояу кісі еді ғой. Жас кезімнен айтқан өнегелі нақыл сөздерін көп есітіп өстім. Өзі тек қана молда емес, әдебиетке де өте құмар жан болған. Жас кезімде жанында отырғанымда жайлап қана өзіне ұнаған сол дәуірдегі ақындардың насихат өлеңдерін айтып отырушы еді. Мен сұрасам ол  өлеңдердің авторларын айтпайтұғын. Ол кезде мен жаспын, көп нәрсені біле бермеймін, өлең жолдарының иелері “Халық жауы ” болып, көбісінің атылып кеткенінен бейхабармын. Менің әкем бұл жағдайларды өте жақсы біледі екен, маған «Шырағым, дүние өзгеріп тұрады, бір уақыттар келеді, бұл кісілер әлі-ақ судан да таза, сүттен де ақ болып, ақталып шығады. Біз оны көрмеспіз, нәсіп етсе Сіздер оны көрерсіздер»,- деп еді-ау. Әкемнің айтқан кейбір өлеңдері менің құлағыма жас болсам да  сіңіп қалғандықтан, біршама сөздері есімде қалғаны бар. 1989-1990 жылдары бұл әулие аталарымыз да ақталып шығып, баспалардан жинақ кітаптары шыға бастады. Сонан соң мен, Ахмет Байтұрсыновтың және Міржақып Дулатовтың, Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының, Жүсіпбек Аймауытовтардың кітаптарын тауып алып, сатып алып оқып жүрдім. Әкемнің маған жасырып айтпай жүрген өлеңдерін, осы кісілердің кітаптарынан өзім оқып таптым. Сөйтсем, әкем сақтық  жасап маған айтпай жүрген екен. Мынау заманы түлкі болып құбылып тұр ғой, балама зияны тие ме дегені шығар деп ойлаймын. Өйткені маған «Заманың түлкі болып тұр ғой, біз сіздерге білетінімізді де айта алмай барамыз»,- деген-ді. Әрине ол кісіні де  түсінуге болар, шынын айтқанда адам үшін жанынан тәтті не бар дейсің. Менің әкем «Сейфуллинның Сәкені, Жансүгірдің Илиясы, Майлиннің Бейімбеті, Ырысқұлдың Тұрары, тағыда басқа қоғам мен мемлекет қайтаркерлері болған азаматтармен құрдаспыз» деп еді. Совет үкіметі ол кісілерді «ақылдарың көп, білімдерің терең екен» деп, білгенін істеп атты, асты ғой. Алла ол кісілерді рахмет етсін, Пайғамбар шапағат етсін» деп отырушы еді-ау. Бізді Құдай сақтап, ол жауыз саясаттан аман-есен қалдық. Сол кездегі үкіметтің жүргізген саясаты, біздің буынның жүрегіндегі отын өшіріп тастаған деген сөзі бар еді-ау жарықтықтың.
       – Қай жанырдағы шығармаларды оқығанды дұрыс көресіз? Бүгінгі жазушы-ақындар мен бұрынғы қаламгерлерді салыстыруға бола ма? Салыстырған жағдайда қандай сипат беретін едіңіз?
       – Әдеби және діни жанрлардағы шығармаларды оқығанды дұрыс көремін. Жастау кезімде қисса- дастандарды, батырлар жырын оқитынмын. Ақын Тұрмағанбет Ізтілеуовтың  “ Рүстем дастан ” кітабын және де “ Назым ” дейтін шығармасын, Шайыр Шәдітөре Жаһангерұлының “Сиар-шарифін” атты Мұхаммед пайғамбардың өмір тарихын өлеңменен жазған кітаптарын өте үлкен құмарлықпен оқып, кей жерлерін жаттап айтып жүрдім. Жастықпен жіберген қателерімді жаратқан өзі кешіргей, жасым ұлғая келіп 1990 жылдардан бастап намаз оқып, ораза ұстай бастаған соң өзім шамам келетін діни кітаптарды да көп оқи бастадым. Атап айтқанда Абулайс-Самарқандий деген үлкен ғұлама ғалым бабамыздың –“Танбекул ғафілин” және де “Бостанул-Арифин”, Сопыаллаярдың “Саботул-Ожизин”, Фариддин  Аттардың “Тазкиратул-Әулие”,  Имам –Ағзамның, Сәбитұлы Нұғманның өмір тарихтарын, Абдулла Жолдастың “ Төрт халифаның тарихтары ” атты кітабын, Топбаштың “ Тассаввуф ” атты кітабын оқып, олардан көп өнегелі нәрселерін үйрендім. Отыз пара, бір жүз он төрт сүре Құранға жазылған тафсирлерді де оқыдым. Тафсир деген сөз Құран аяаттарының мағанасын түсіндіретін ғылымның бір саласы. Оны мүжтахид болған ислам ғалымдары әр дәуірде жазып отырған. Қабатында әрине, тағы да Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері де бар. Ал әдебиеттен өзім көбінше ойлы жазушылардың жазған еңбектерін оқығанды жақсы көремін. Орыс әдебиетінен де бірсыпыра авторларды оқыдым. Аттарын атап жатпай-ақ қояйын. Меніңше, басыңды ауыртып, көзіңді шаршатып оқыған кітабыңнан жақсы бір нәрсе үйрену керек емес пе? Бір қанар сабаннан, бір қос уыс бидай алмасаң, өңшең сабанның не қажеті бар. Өзім осылай деп түсінемін. Қазақ  жазушыларынан беріректегі Әбіш Кекілбаевты, Асқар Сүлейменовты, Ғабиден Мұстафинді, Мұхтар Мағауинді, Илияс Есенберлиннің жазған еңбектерін жақсы көріп, ұнатып оқып жүрдім. Ақындардан Қасым Аманжоловты, Қадыр Мырзаәліні, Мұхтар Шахановтың еңбектерін ыждағатпен оқығанмын.
      Ал, бүгінгі ақын- жазушылар менен бұрынғы өткен қаламгерлерді меніңше салыстыруға келмейтін сияқты. Салыстырған жағдайда, бұрынғы өткен қариялардың,ақын- жазушылардың, еңбектері ойлы, тұшымды, татымды ма деп  ойлаймын. Әрине, өз дәуіріне лайықты талантты болып  туған жазушы- ақындар да бар ғой.
      – Сізді әдетте көпшілік батагөй ақсақал ретінде жақсы таниды. Ел орталығынан шалғайда жатқан Жетісайдан хабар алуға келген Елбасымыздың өзі Сіздің батаңыздан қуат алып, алғысын айтты. Расымен де,  Сіздің берген батаңыздың өзге баталы сөздерге қарағанда елеулі ерекшеліктері айқын байқалады. Бата берудің үлгісін қалай үйрендіңіз? Батагөй абыздардан кімдерді пір тұтар едіңіз?
      –Бата берудің үлгісін әрине, халықтан үйрендім. Жұрттан асқан ақылым жоқ, білікті білімім де жоқ, жер тесіп бара жатқан шешендігім де шамалы. Әйтсе де, халық өте көп біледі екен, менің айтып жүрген сөздерім халықтікі. Қабатында әрине, өзімше еңбек етіп, ізденіп, оқып- тоқығаным да бар шығар. «Жер басқанға мәз болма, Жерде ізің қалмаса» демей ме. Ылғи да айтып та, жазып та жүрмін білгенімді. Әкемнен соң, әкемдей болып, тәрбие берген қос ұстаздарыма  көп қарыздармын. Шығыста «Ұстазыңды өмір бойы мадақта, сол емес пе сені қосқан санатқа» деген сөз бар. Олай болса менің өнердегі пірлерім -ақын Әйтпенов Қайыпназар ақсақалды, әнші -ақын Дүрбаев Құтпайқожаны, Алла рахмет – етсін, пайғамбар (с.ғ.с.) лам шапағат еткей деп тілеймін. Менің пірім Сүйінбай деп заманымыздың Гомері атанған ақын Жамбыл Жабаев атамыз айтқандай-ақ,  менің де пірім осы аты аталған  ақ сақалды ағаларым.
     – Қазақта елдiң ынтымақ – бірлікте өмір сүруі үшін ең алдымен елді татулыққа шақыра алатын, бірлікті бекем ұстай алатын дуалы ауыз ақсақалы болуы керек деген ұғым бар. Бұл қазақ менталитетінің ең дұрыс нұсқасы деп білер едік. Алайда, бүгінде кейбір жастардың өмір сүру салты ұлттық санамыздан, дәстүрімізден алшақтап бара жатқандай. Ұят, намыс, үлкендерден қымсынып, құрметтеу секілді қанымызға сіңген ұлттық рухтың тігісі сөгілгендей өкінішті сезім қалдырады. Бұл орайда, Өзіңіз қай буын өкілдеріне кінә артқан болар едіңіз? Ақсақалдардың сөзі ұсақталды ма, әлде ата – аналардың баласына деген тәлім-тәрбесі солқылдақ па? Мүмкін жастарымыздың да аздап болсын айыбы бар болар?
       – Өз басым ешқандай да буынның  өкілдеріне кіна артудан аулақпын. Дегенмен де бізге тәрбие берген ілгеріректе өткен қариялардың имандары бізге қарағанда күшті көрінеді маған. Құдайға шүкір дейік, әлі де ел іші қазына емес пе. Қазына халықта, жинап -теріп анықта дегендей-ақ тындайтұғын құлақ болса, айтар өсиеті бар қария табылады. Ақын Тұрмағанбет Ізтілеуов атамыз «Сөйлеуге сөз таптым-ау, тыңдауға құлақ таппадым» –деп өкінгеніндей болмаса. Әр заманның өзіне лайықты айтатұғын сөзі болады деген екен атақты жырау Балқы Базар бабамыз да. Бірақ та біз бала кезімізде аталарымыз болған Барбол кәрия, Жахия шешен Арқабай бидің баласы, Әнапия кәрия Жүнісқожаұлының, Бекахметқожа Оралқожаұлдарының тәрбие мен үйреткен өнегелері бөлек сияқты. Сол кісілердің көбісінің аса терең де сауаты жоқ, намаз оразалығы болды, оны да біліп жүрдік. Бірақ айтқан сөздері өте мағыналы, терең, инабатты кісілер болды. Қазақша айтқанда,бұл кәриялар Құдайдан көп қорқатын, адамдардан көп ұялатұғын. Сондықтан да, сауапты, иманды жұмыстармен көп айналысқан жандар еді. Былайша айтқанда, сол аталарымыз бір рулы елге өздері сот, өздері прокурор, өздері тергеуші болып елді ынтымақ пен бірлікке шақырып, ұйытқы болып өткенін көзіміз көріп өстік. Ол кісілер кеткен соң, кей жерлерде, кей ауылды жын-жыбыр басып, ұятты жайсыздықтар орын алғанын көріп, біліп жүрдік. Бұрынғылардың «Айбаты кетсе ауылдың, әдепсіз жыртаң, әжуаның жиналып басы құралар» дегені де осы шығар. Жастарымызға да өз басым көп кінә қоймаймын. Қазақта «Балам жаман дегенше өзім жаман десейші, өзім жаман дегенше тәрбием жаман десейші» деген аталы сөз бар. «Ұяда нені көрсең -ұшқанда соны ілерсің» демей ме халықтың нақылында да. Жастарды біз қалай тәрбиелесек, солай болмай ма? Әрине, бұлардың заманы басқа екені де рас. Иран халқында мынандай деген мақал сөз бар «Бала істеген жауыздықтың қатесін тәрбиеші көтерсін» деген. Меніңше, осы мақал орынды айтылған сөз сияқты. Казіргі заманда интернет деген ғылымның жетістігі пайда болды, оның ішінде миллиарттаған ақпараттар жеткілікті екенін де жақсы білеміз. Интернеттің ішінде жақсы нәрселерде бар, жаманы да шаш етектен, өз басым оны пайдаланбаймын. Бірақ уақыттың ағымы, талабы солай болған соң не істейміз. Керек етсеңіздер казір оқушы балалар өздеріңіз білесіздер соны пайдаланып оқып жүр. Менің немерелерім де интернетті пайдаланады, мұғалима болып істейтұғын келінім де. Әйтсе де, немерелеріме ескертіп, интернеттен керектісін алыңдар, керексізін алмаңдар деп айтып отырамын. Кітапты оқымасаңдар, сауатты бола алмайсыңдар деген сөзді үнемі ескертіп отырудан жалықпаймын.
       Жиырма бірінші ғасыр  – Глобализация ғасыры болып тұр ғой. Біз оны қаласақ та,  қаламасақ та. Осыдан отыз жылдай бұрын жазушы Шыңғыс Айтматов Глобализация туралы  былай деп пікір айтқан: «Дамыған батыс елдерінің  Шығыстағы өркендеуі әлі де әлжуаз халықтарды ықпалына ертіп алуы үшін  қару алып, соғыс ашудың қажеті шамалы. Әр үйдегі көгілдір жәшік теледидар аман болса ол миссияны сол-ақ ойдағыдай етіп орындап береді». Марқұм Шыңғыс ағамыздың сөзінің жаны бар секілді. Казіргі уақытта көгілдір жәшіктегі көп хабарларды бала-шағаңменен бірге отырып рахаттанып көру қиямет қайымдай болып тұр-ау. Бұл мәселені әліме қарамай Нұрсұлтан қаласынан халықпен арнайы кездесуге келген атағынан ат үркетін азаматтарға ел атынан, халық атынан шығып сөйлеп, мұнан он-он бес жыл бұрын- ақ ескертіп, құлаққағыс етіп айтқаным да бар. Бірақ та өкінішке қарай, нәтижесі шамалы болды. Шыңғыс ағаның отыз жылдай бұрын айтқан сөздері әлі де маңызын жойған жоқ меніңше. Бұл мәселені, яғни эфирден берілетін хабардың мән-мазмұнын  өте қатты қарап, реттеп, жөндеу керек сияқты. Халықта «Тамырын тереңге жіберген ағаш дауылды күліп қарсы алады» деген сөз бар. Жастарды солайша саналы ел салтын сақтайды деген талаппенен, қағидаменен тәрбиелеуміз керек. «Ел ойпаңы білінбес, еліне сай ұл туса» деп өсиет айтқан  Қабылиса жырау бабамыздың айтқан сөзін басшылыққа алғанымыз дұрыс болар. Өйткені еліміздің келешектегі егелері жастар емес пе. «Жастың күні –шығыста, Қарттың күні- батыста» демей ме дана халық.
     – Жетісайдың киелі топырағынан жаралған соң болар, ауданымыздың атын жақсы жағынан шығаратындар болып жатса қуанышымыз қойнымызға сыймай әлемнен суйінші сұрағымыз келіп тұратыны сөзсіз. Алайда, соңғы уақытта ақсақалдарымыздың арасындағы кикілжің, тіпті соттасуға дейін барған араздық ел алдында жүзімізді жерге қаратты десек артық айтылған болмас. Бұл келеңсіздікке Ақсақал ретінде қандай баға берер едіңіз? Жалпы, ардагерлер кеңесінің төрағасы қандай болуы керек? Ел алдындағы міндеті қандай?
       – Мұндай келеңсіз қылықтың дұрыс еместігі айдан да анық нәрсе емес пе, халықта «Ет сасыса тұз себесің, Тұз сасыса не себесің?» деген сөз бар. «Өсетін елдің арманы көп болады, өшетін елдің жанжалы көп болады» болмағаны жақсау деймін маған салса. Ердің қадірі кетеді- елде дау көбейсе. Ердің сыны шабуыл менен шаптығуда емес, кішіпейіл мінез бен мейірде емес пе. Ері егескен -ел емес, биі егескені- жөн емес деген сөз бар халықта. «Тозақтың бар екенін біле тұра, күнә жасайтындарға таң қаламын» деген еді Халифа Хазреті Оспан ибн Аффан бабамыз. Кәрі қойдың жасындай жасымыз қалғанда, бізге бұл тірлік меніңше ұят деп есептеймін. Біз қайта елдің ынтымағы мен бірлігін тілеуіміз керек емес пе? Өйткені біздің төрімізден көріміз жақын болып қалған адамдармыз-ау. Әрқайсымыз әрбір арықтың ахаба суындаймыз, сондықтан бізге елдің бірлігі өте қымбат. «Бәріміз де арпалысып, алысамыз, өлеміз. Сан білместік, ағаттықты тек өлерде сеземіз» депті ғой ұлы ғалым бабамыз Ибн Сина Абу Али. «Керіскеннің кесірі- келген бақты кетірер» болмағаны жақсы емес пе бәрімізге де. Бостандық алып тұрмыз қолымызға, бұл дәулеттен айырылсақ сорымыз да деймін. Ислам ғалымдарының «Қай жерде келіспеушілік пен қиындық бар болса ол ислам дінге бағынбаудан болады» деген сөзі бар. Маған салса «Азған елдің баласы бірін-бірі жамандар, қақпан құрып алдына құлатуға амалдар, Озған елдің баласы бірін –бірі батыр дер, қойны- қонышы құйылып толып тұрған ақыл дер» дейді ғой ақындар да. Сырттағы былайғы естіп жатқан елдер «бұлардың  қартында қасиет, жасында пәтуә қалмаған екен ғой» демегені жақсы емес пе бізге. Мешкей деген жақсы ат па деген сөз бар. Ағайынға айтар менің өтініш –тілегім: ағайын, ұшқан құстай,сіңген судай болмайық та, ынтымақ болсын, дау дегенің берекенің іріткісі емес пе, рушылдық- бөлінгеннің белгісі, бөлінгенді бөрі жейді деген. Жақсы емес пе бәрінен де татулық, бірлік, ізгісі деп құйып алар, құлақ түйіп алар көңіл болса, тілде тиек, ерінде сүйек жоқ қой деп білгенді айттық-ау, айып көрмеңіздер. «Кемешінің қасында қайықшы дыбысын да шығара алмайды» дегендей, үлкен көргенді ел көрген, жер көрген кісілер ғой өздері де осыдан соң ойланар деп ойлаймын.
      Ал, ардагер кеңесі деген ұйым менің түсінігімде бұл қоғамдық ұйым. Оның төрағасы мына нарықтың заманында, ақыл- парасаты, білім білігі жеткенше елге қызмет етіп жатса, оған неге біз рахмет айтпауымыз керек? Әрине әр азаматтың мүмкіншілігі бірдей емес екенін де жақсы білеміз. Иса пайғамбар да «Әр адам өзінің денесіндегі барын береді» деген еді. Ардагердің төреағасы елге жаңағы айтқанымдай-ақ білім мен білігі, ақыл -парасаты жеткенінше қызмет еткені жақсы-ақ нәрсе. Өз басым қазақтың елі кенелсін, төлі теңелсін деп соны ертелі- кеш Жаратқаннан жатсам да, тұрсам да сұрап жүремін. Кейде  кәрілік деген даналықпен келеді, кейде жалғыз келеді, Құдай жалғыз келгенінен сақтасын дейік те. Ағайынның аузы араз болғанменен жүрегі тату болады ғой. Адамнан пейіл мен мейір қашқанда, азайғанда артық айтты демеңіздер, жүрек қараяды, көңіл ластанады. Ал одан соң не сыйластық болсын. Жаратқанға жалынам ниетімізді жөнде деп, көңілімізді көркейтіп, ажарлап әбден өңде деп тілек тілеймін.
       – Ауданымызда тұрғындардың материалдық тұрғыда қолайлы өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан қолдан келер барлық жағдайлар жасалуда. Ал, салт-санамыздың рухани дамуына қандай баға берер едіңіз? Бір ғасырдан кейінгі ұрпақ сабақтастығын қалай елестетер едіңіз?
       – Атам қазақта елу жылда – ел жаңа демей ме. Саналы ел салтын сақтайды деген. Жалпы кешегі күндермен салыстырғанда рухани дамуымызға да өз басым ақылым жеткенше оң баға беремін, еліміз аман, халқымыз тыныш өмір сүріп жатса, иншіалла рухани дамуымызда мұнан да жақсы боларына сенімім мол- ақ. Өйткені елімізде саналы, білімді  жастарымыз шүкіршілік өте көп, әрине ет сүйексіз болмайды. Рухани дамудың бір ғасырдан соң қандай боларын оны мен айта алмаймын. Өйткені бұл ғайып нәрсе, оны Алладан басқа меніңше ешкім де айтып бере алмайды, егер де керек етсеңіздер пайғамбарлар да айталмаған бұйымтай бұл.  Бірақ та, амандық пенен тыныштық елде болып тұрса, осылай дамып тұрсақ келешегіміз кемелді болып, біздің ұрпақтарымыз да жақсы қоғамда өмір сүрер деп үміттенемін.
       – Ұстанғанымыз Ислам діні болған соң, имандылық парызымыз. Бүгінде мұсылмандықтың 5 парызының бірі -намазға жығылу, Рамазан айында ауыз бекітіп, зекет беру, тіпті Алла алдындағы парызымды Меккеге барып қажылық жасаумен өтеймін деушілердің қатары жылдан жылға артып келеді. Бұл әрине, қуанарлық жағдай. Дегенмен , бір әттеген – ай дейтіні тағы бар. Осы қажыларымыз Меккеге баруды парызым деп білгенімен, оның міндетті қағидаларын толығымен орындауға құлықсыз тәрізді көрінеді. Жалпы, мен қажымын деп мақтанып, өзге мұсылман баласынан өзін артық сезінуі қаншалықты дұрыс? Қажымын дей отырып, өтірік айту, жағымпаздану, қайырымдылық жасауға енжарлық таныту, ағайын – туыстардың арасындағы ынтымаққа селқос қарауы секілді жағымсыз әдеттермен өмірін жалғастырып жатқан пенделерге не айтар едіңіз?
     – Мен өз басым қажылыққа барып келіп мұндай жағымсыз мінезді көрсеткен бірлі жарым кісі болмаса, көбін көргенім жоқ. Егер де сіз көбін көріп біліп сұрап отырған болсаңыз, бұл әрине біздіңше, дұрыс тірлік,қылық, мінездер деп айта алмаймын. Шариғатта да мұндай мінездерді дұрыс демейді, ислам ғалымдары солай деп отыр. Бұл қылық, мінез ол кісілерден табылып жатса өте өкінішті -ақ дейміз де. Құдайдың үйін көріп келіп отырып тәубаға келіп, мұндай мінез, қылықтар көрсетіп жүруі – Қажы атанған азаматқа өкініштің өкініші болады. Алла өзі ынсап бергей ондай пендеге, тәубаға келер деп үміт етейік.
      – Бүгінгі қоғамдық ұйымдардың (аудандық ардагерлер кеңесі , аудандық әжелер алқасы , аудандық әйелдер кеңесі, аудандық қоғамдық келісім т.б)  жұмысына қандай баға бересіз? Қоғамдық ұйымды кұрудағы мақсатқа сай жұмыстар жүргізілуде ме?
          – Бұл қоғамдық ұйымдардың жұмысына өз басым оң баға беремін. “Алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабады” демей ме халық. Бұл қоғамдық ұйымдар менің білуімше ешқандай да бюджеттен қаражат алмайды. Соның үшін де ол азамат-азаматшаларға өз басым халық үшін істеп жатқан жұмыстарына рахметтен басқа айтарым жоқ. Нарықтың бұл заманында мәнерлеп айтқанда,  «мысыққа да ақша төлемесең- тышқанды ауламайтын» уақытта ол кісілердің сауап істеп жүрген қоғамдық жұмыстарына, азды- көпті етіп жатқан еңбектеріне рахметтен басқа не айтуым керек.
      – Барлық ауылдарда, тiптi көшелердің өзінде ақсақалдары мен билері бар. Дегенмен, ашықтан – ашық тұрмыстық, отбасылық дау – дамай өршіп барады. Ағайындар арасында соттасқан былай тұрсын, соттың шығарған шешіміне көңілдері толмай, жоғары жаққа дейін құлаққағыс етіп жатқандарды көріп жүрміз. Мұның мәнісі неде? Heгe мұндай халге жеттік деген ойлар Сізді де мазалайтын болар? Ақсақал – билердің қоғамдағы алар рөлін күшейту үшін не істемек керек?
       – Бұл сұрақтың да жауабы біздің білуімізше жоғарыда айтқандай-ақ имандылыққа байланысты ма екен деп ойлаймын. Елдің жанына ащыдай батып жүрген мәселе мүмкіндіктің барынша әділетті, адал шешіліп жатса мұндай келеңсіз істер аздау болар.  Ауыл менен көше билерін де сайлайтұғын уақытта сырттан тон пішпей сол көше, сол ауылдың үлкен -кішісін жинап, халыққа жақсылап түсіндіріп айтып, ақылдасып, біргелікте шешіп қою керек болар. Сондай жұмыс меніңше нәтижелі бола ма деп ойлаймын. Барлық жұмыста елменен ақылдасып, көпшілік қолдап жатса мүмкін нәтижесі жақсы боларына бек сенімдімін.
     – Бүгінгі айткан тұщымды ойларыңызға көп – көп рахмет, көзі қарақты оқырмандарымыз қажетіне жаратады деп ойлаймыз. Ел – жұртыңызға тағы да бата берсеңіз деген қолқамыз бар .
– Батамды Еліме, Халқыма бағыштайын:
Ағайындар! мен еліміздің амандығын,
Ынтымақ -бірлігін тілеймін.
Серіктеріңіз сәттілік болсын,
Жолдастарыңыз жақсылық болсын.
Шаңырақтарыңыз шайқалмасын,
Бақ-дәулеттеріңіз ортаймасын,
Жаратқан Алла жар болып,
Нені сұрасаңыздар да қайтармасын.
Тілеңдер жақсы тілекті Құдайыңнан,
Жаратқан айырмасын жұбайыңнан.
 Ақ батам беріп жатқан қабыл болып,
 Бір айың артық болсын бір айыңнан.
 Жандарыңызға жамандық бермесін,
 Бастарыңызға қайғы ғам келмесін.
Жаратқан өзі жақ болсын, халқымызға бақ қонсын,
Кетпей бастан бейбіт күн, Ел халқым мәңгі шат болсын!
Әр таңдарыңыз күліп атсын, Жандарыңызға шуақ шашсын,
Көңіл бақтарыңыз қуаныштан көктей берсін,
Берекеміз қашпасын, дұшпан белді баспасын,
Түзу боп тұрса ниетіміз, тәңірім берер басқасын.
Тәубе халқым, Құдайға құдай деген жылай ма?
Жаратқан жар боп тұрғанда қуан халқым, мұңайма,
Тапталмасын дұшпанға қасиетті жеріміз,
Бір тілекте болайық ынтымақпен бәріміз,
Ынтымақ –бірлік, келісім- ең үлкен байлық ел үшін,
Жолдарыңыз ақ болсын!
Жаратқан өзі баршаңызғада жақ болсын,
Балталасаң да бөлінбес бір тұтас бол, Қазағым,
Шырағың жанып тұрсын, бұлағың ағып тұрсын,
Мыңда бір бәледен, жүз де бір кесапаттан Құдайтағала баршаңызды да қағып тұрсын,- деп ақ ниетімменен ақ батамды берейін. Төкпе ақын болмасам да жыры маржан, үлгілі өнеге алдым ұлылардан. Биылғы жылы тәуелсіз болған Қазақстанымыздың 30жылдығы біздер үшін, еліміз үшін ең үлкен мерекеміз, мейрамымыз баршамызға да  құтты болсын!- деп шын жүректен тілеймін. Аумин аллауһуакбар.
       Қадірлі көпшілік құрметті оқырмандар, бәндеде қате болады ғой айтылған сөз, пікірлерім де қата болса көп білсең де көптен көп білмейсің дегендей, мен сіздерден ғафу өтінемін. Бұл жазған еңбегім оқыған жанға оның қазығы болмай, қайта азығы болса екен деп ақниетпенен, ақтілекпенен айтқандарым Жетісай қаласы ел мен басшылардың бәтегөй ақсақалы бұрыңғы уақыттағы іріленген Мақтарал ауданының Құрметті азаматы Оразқожа Бекахметұлы деп білерсіздер.  Аллахтағала кең дүнияда кемшілік көрсетпесін деген ақтілегімменен аяқтаймын.
Сұхбаттасқан: Элмира ӨСЕРБЕКОВА,
 «Жаңа Жетісай» газетінің жауапты хатшысы, Түркістан облысы.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМ

        ...

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ЖАСТАРҒА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІКТЕР

      Мемлекеттік ...

СЕРТ БЕРУ – ЖАУЫНГЕР ДӘСТҮРІ

        ...

2023 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ, НОМИНАЛЫ 5 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАЛАРДЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ 28 МАУСЫМДА 2024 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ ЖАҢА ДИЗАЙНМЕН НОМИНАЛЫ 10 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАНЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАР

        ...

«JETISAI MARATHON – 2024» МАРАФОНЫНА МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

        ...

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

        ...

21 ЛЕТНЫЙ ТАЭКВОНДИСТ УЕХАЛ В США

Автор: НАЗИРА БУРХАНОВА,  журналист. ...

«МАҚТААРАЛ» КЕҢШАРЫНА – 100 ЖЫЛ!

Қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ...