Дана халқымызда «Жақсылыққа жақсылық – әркісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі», – деген мақал бар. Дәлірек айтқанда, жақсы не жаман деп бөлместен көмек қолын соза білуді, жақсылықтың маңыздылығын және қасиетін бабаларымыз айтып кеткен. Ал, жақсылық дегеніміз – адамгершілік пен имандылықты сипаттайтын жалпы ұғым. Адамдағы жағымды істердің барлығы жақсылық ұғымы арқылы жүзеге асады. Осы бұлтартпас қасиет арқылы жас пен кәрі де өз мақсат-мүддесіне, арманы мен болашақтан үміттенуіне сенім білдіреді.
Ортағасырлық ақын, хәкім әрі ойшыл болған Ахмед Иүгінеки: «Жамандық жасасаң да, жақсылық жасасаң да – жауапсыз қалмайды», – деген. Ал, америкалық жазушы, көсемсөзші Марк Твен: «Жақсылық – бұл, кереңнің ести алатын, соқырдың көре алатын дүниесі», – деп теңеу жасаған. Демек, адам баласы қайсыбір пендеден қандай болмасын бір жақсылық көрсе (мысалы: сыйлық алса, білім алған болса, қажеттілігін өтеп берген және т.б) оның қарымын қайтару – өзіне жасаған ізгілікпен тең болып есептеледі. Сонымен қатар, игі іс істеген адам оған лайықты жауабын көрген соң, өзге жандарға да қол ұшын беруге ұмтылысы пайда болады. Араларында шынайы бауырмашылдық пен достық қатынасы нығая түседі. Қол ұшын созған жан жақсылықтың дәмін сезіп: «Бұл адамға көмек көрсетіп адаспаппын. Алдағы уақытта да жәрдемім қажет болса шетте қалмаспын», – деп ниеттенеді.
«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас», – демекші, бір ізгілікті іс жасап, оны жалғастыруды адам тоқтатып қоймауы қажет. Қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов айтқандай: «Маңына ұрық шашпаған жақсылық, жапанда жалғыз өскен бәйтерекше, тұл болады да қалады», – деп әр ізгіліктің жалғасы болуына мән беру керектігін ескертеді.
Өмір сүріп жатқан әлемде жақсылық пен қатар жамандық та бірге жүреді. Дегенмен, әр кез жамандыққа тап болғанда мойымай, алға қарай ұмтылу, болашақтан зор үміт күту- оның өзі жақсылыққа бастар жол іспетті. Бірде қарт кісі ескі досымен дастарқан басында отырып:
-
Бөлме ішіне мұқият назар сал, қоңыр түсті заттарды есіңде сақта, – дейді. Расымен, бөлме ішінде қоңыр түске боялған заттар өте көп болатын. Бұл тапсырманы оңай орындайды. Сонда қарт кісі оған:
-
Енді көзіңді жұмып, көк түсті заттарды атап шық, – дейді. Әлгі досы сасып қалғаннан:
-
Мен тек қоңыр түсті заттарға мән бердім. Көк түсті ешнәрсе байқаған жоқпын, – деп жауап қатады. Қария досына қарап:
-
Енді көзіңді ашып қара. Көк түсті зат сен ойлағаннан да көп. Осы секілді өмірден тек жамандықты іздейтін болсаң, оларды міндетті түрде табасың. Олар өміріңнің бір бөлшегіне айналып кетеді. Сол себепті, тек жақсылыққа сен, – деген екен.