Кадр резерві іріктеуінің бірінші кезеңінен 1000-нан астам үміткер өтті
Posted by: Қалмұрат
in Жаңалықтар
17/03/2021
17 Views
Нұр-Сұлтан қ. 2021 жылғы 17 наурыз
Кадр резервіне қатысуға 1650 қазақстандық өтінім берді. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш жобаның іске қосылғаны туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірінші наурызда жариялаған болатын, тілек білдірушілердің он екі күн ішінде жеке деректерін толтырып, біліктілігі туралы құжаттарды тапсыру мүмкіндігі болды.
Тестілеудің бірінші кезеңінен 1246 адам өтті, үміткерлер логикалық тестілеудің 78 сұрағына жауап берді. Келесі кезеңге сауалдардың 30% дұрыс жауап берген 1067 үміткер жіберілді.
Жобаға тіркелгендердің арасында Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысының тұрғындары басым (25%-дан астам), ең аз өтінім Павлодар облысынан келіп түскен. Дарындылар пулына қатысушылардың 8%-дан астамының 10 жылдан астам жұмыс өтілі бар. Іріктеудің бірінші кезеңінен өткен үміткерлердің қорытынды тізімі talent.gov4c.kz сайтында жарияланған.
Ал, тестілеудің екінші кезеңінде үміткерлердің Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша білімі тексеріледі. Қатысушылар ҚР Конституциясы, «Мемлекеттік қызметтер туралы», «Дербес деректер туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері туралы» және «Акционерлік қоғамдар туралы» заңдар бойынша 1,5 сағат ішінде 90 сұраққа жауап беруі қажет.
Қорытынды кезеңге өткен үміткерлер мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінен, HR-сарапшылардан және мемлекеттік корпорацияның басқарма мүшелерінен тұратын сарапшы кеңес мүшелерімен әңгімелесуден өтетін болады. Жоғары балл жинаған және әңгімелесу кезеңінен сәтті өткен үміткерлер кейіннен тиісті бос лауазымдарға тағайындау үшін дарындылар пулына қабылданады.
«Азаматтарға арналған үкімет»
мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі.
Кадрлық резерв 2021-03-17