ҚР Қорғаныс министрлігі тұңғыш рет үздік офицердің ата-анасына арнайы «Офицердің әкесі» және «Офицердің анасы» медальдарымен марапатады. Ерекшелігі бұндай медальды Қорғаныс министрлігі тұңғыш рет тапсыруда. Жаркенттік Жақсылық Қызырхан 2019 жылы 24 жасында мерзімінен бұрын капитан әскери шеніне қол жеткізді. 2017-2019 жылдары Отар әскери гарнизонында қызмет еткен жас жауынгер, бүгінде «ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық Әскерлерінің үздік офицері», «үздік рота командирі» атанып отыр.
Талдықорған қаласындағы 54380 әскери байланыс полкінде қызмет ететін жас капитан мергендігімен көзге түсіп отыр. «АК-74» автоматты қаруымен дәлдікке 100 пайыз тигізетін мергендігін тіпті генералдар да бірнеше рет тексеріп көрген екен. Жас жауынгердің ата-анасын қабылдап, құрмет көрсеткен Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев, мерзімінен бұрын әскери шенін алу және Қорғаныс министрлігінің ата-анасына арнайы медаль тапсыру рәсімі Алматы облысы бойынша тұңғыш рет өтіп жатқанын атап өтіп, «Мерзімінен бұрын әскери шенін беру бұрын тек соғыс жағдайында ғана болған екен. Жақысылық – бейбіт күннің батыр сарбазы. Алдағы қызметіне абырой тілеймін. Сен біздің мақтанышымызсың. Аудан тұрғындары атынан саған алғыс білдіремін,- деді.
Айта кетерлігі, бала күнінен әскери адам болуды армандаған, әулеттерінен әскери салада тек өзі ғана қызмет ететін жас капитан Ж.Қызырхан Астана қаласындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеруге де қатысқан.
Айман АСЫЛ.