ОБЛЫС НАМЫСЫН ҚОРҒАП БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ
Posted by: Қалмұрат
in Sports, Жаңалықтар
23/04/2021
71 Views
Республикалық «Ұшқыр доп» гандбол спорт түрінен 7-8 сынып оқушылары арасында өткен жарыста Түркістан облысының намысын қорғаған Мақтаарал ауданындағы Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебінің оқушыларынан құралған команда жүлделі I-орынды иеленді.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов осы жүлдегерлерді арнайы жинап, өзінің ыстық лебіздері мен жүрекжарды тілектерін айтты. Сонымен қатар, жиын барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев пен ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Серікбаевтар да өздерінің тілектірін жеткізді.
«Мақтаарал ауданының жасөспірімдері мен жастары қай спорт түрінен болмасын байрақты бәсекелерде топ жарып, ауданымыз бен облысымыздың абыройын республикада, шетелдерде асқақтатып жүр. Міне, бүгін қарапайым ғана ауылдан шыққан мектеп оқушылары республикалық жарыстан бас жүлдемен оралып отыр. Әрине, жеңісті сәттердің соңында бапкерлер мен спортшылардың аянбай тер төккен еңбегінің жемісі тұрғаны анық. Сондықтан, бүгінгі жеңіс үшін тер төгіп, қолдау білдірген барша азаматтарға алғысымды айта отырып, спортшы балаларымызды шын жүректен құттықтаймын!» – деді Бақыт Насырхаұлы.
Қызылорда қаласында өткен республикалық «Ұшқыр доп» гандбол жарысына 8 команда қатысқан. Атап айтқанда, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан келген азулы командаларға дес беріп, Түркістан облысының атынан шыққан Мақтаарал ауданындағы Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебінің командасы үздік ойын көрсетті.
Жүлдегерлерді Қазақстан Республикасының спортына еңбегі сіңген зіл теміршісі, ел мақтанышы Илья Илиннің өзі марапаттаған жарыстың финалдық кезеңінде Қызылорда облысының командасын өз жерінде жермен-жексен еткен Әл-Фараби құрамасы – жарыстың бас жүлдегері атанды. Оның ішінде өзінің керемет шеберлігімен көзге түскен Сергей Анатольевич Мамедов «Үздік ойыншы» атанса, «Үздік жаттықтырушы» номинациясына Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Анатолий Геннадьевич Мамедов лайық деп табылды.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
2021-04-23