Мақтаарал ауданынан «Ashyq» жобасына алғашқылардың бірі болып жеке кәсіпкер Ақтолқын Умиртасованың «Ақтолқын» моншасы тесттік режимде қосылды. Жоба туралы Кәсіпкерлер палатасы мамандары мен Бұқаралық ақпарат құралдарынан танысқан кәсіпкер алғашқылардың бірі болып QR кодын алып, тесттік режимде жұмыс жасауға кірісті.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Мақтаарал аудандық филиалы, кәсіпкердің моншасына QR кодты алу бойынша көмек көрсетіп, қосымшамен жұмыс жасау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Айта кетейік, облыстың бас санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес моншалар мен сауналардың қызметі сағат 10.00-ден 21.00-ге дейін рұқсат етілген болатын.
Еске салайық, жоба бойынша қазіргі таңда «Rixos Turkistan» қонақ үйі жұмыс жасауда.
Ashyq деген не:
Ashyq – қоғамдық орындарға баратын адамдарды тіркеуге арналған қосымша. Нысанға кірмес бұрын пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлейді де, оны кіреберісте тұрған әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Ал, азаматтардың статусы денсаулық сақтау министрлігіндегі мәліметтер базасымен салыстырғаннан кейін белгілі болады.
-
«Қызыл» статус – азамат ПТР-тест тапсырып, ол оң нәтиже көрсеткенде беріледі. Мұндай статусы бар адамдар үйде оқшаулану режимін қатаң түрде сақтауы керек.
-
«Сары» статус – ауру жұқтырғандармен байланыста болғандарға беріледі. Оларға үй жанындағы азық-түлік дүкендеріне немесе дәріханаларға баруға рұқсат берілген. Бірақ қоғамдық орындарға баруға тыйым салынған.
-
«Көк» статус – ПТР-тест тапсыру міндетті болатын орындардан басқа жерде еркін жүре алатын азаматтарға телінген.
-
«Жасыл» статус – емін-еркін қозғала алатын адамдарға беріледі.