ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛМАҢЫЗ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет
13/05/2021
16 Views
Классикалық «қаржы пирамидасы» – бұл табыс алудың алаяқтық схемасы. Сізге өте жоғары пайыздық мөлшерлемелермен инвестициялау ұсынылады, олар кепілдендірілген табыс береді және жобаға достарын белсенді тартуды сұрайды. Абай болыңыз, табысты инвестициялық компания қаржылық пирамидаға айналуы мүмкін. Қаржы пирамидасының ерекшелігі – тез және оңай ақша табу туралы уәде.
Қаржы пирамидалары көбінесе өздерін инвестициялық кәсіпорын ретінде көрсетеді. Олар, мысалы, акциялар мен облигацияларды сатып алуды ұсынады, жоғары өнімді құрылысқа, алтын өндіруге немесе ультра тиімді өндіріске инвестиция салуға уәде береді. Олар жарнама науқанында қатты және тартымды ұрандарды ұсынады: Интернет компаниясы, инновациялық жоба, криптовалюталар, тұрғын үй кооперативтері, алтын, әлеуметтік желілер.
Бұл қылмыстық ұйымдар ақыр соңында ешкімге ақшасын қайтармайтынын көпшілік жақсы біледі. Бірақ барлығы «пирамиданың» ұшар басынан, алғашқылар қатарынан табылып, шамалы да болса «жеңіл» пайда тауып қалуға жанталасады. Қазақстанда қаржылық пирамидалар қызметіне қатаң тыйым салынған. ҚР Қылмыстық кодексінің 217 бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Елімізде бұл ұйымдарды жарнамалауға да тосқауыл қойылған. Атап айтқанда «Жарнама туралы» қолданыстағы заңның 13-бабында «қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады» деп жазылған. Бұған бағынбағандар әкімшілік және қылмыстық қудалауға ұшырайды. Осыған қарамастан «табысқа кенелтемін» деп алыстан қол бұлғап шақыратын, шынында халықты шығын батпағына батыратын қара ниетті қаржылық құрылымдар әр жерден бір бас көтеріп отыр. Олар лезде ашылады да, қатысушылар есін жиып, хабар құқық қорғау органдарына жеткенше, күйреп үлгереді. Сөйтіп, алаяқтар ел азаматтарының қалтасын қағып, тақырға отырғызып, онсыз да күрделі кезеңде оларды қан қақсатуда. Бәрінен сорақысы, «пирамидалар» қарапайым жұрттың жалғыз баспанасын саттырып, уәде еткен көп ақшадан көк тиын да ұстатпай, табанын жалтыратуда.
Ғаламтор мен электронды төлем құралдары қарқынды дамуда. Нарықта осы құралдарға ақшаны тиімді инвестициялаймыз деген сияқты көптеген ұсыныстар бар. Алайда оны қалай дұрыс жасау керектігін барлығы бірдей біле бермейді. Оны алаяқтар өз мақсаттарына пайдалануда. Қаржы пирамидаларының адал ұйымдардан айырмашылығы неде? Біріншіден, олар орасан зор пайдаға кенелтемін деген уәдемен адамдарды жаппай өздеріне тартады. Ал ондай пайданы ешбір банк те, ешбір басқа ұйым да қамтамасыз ете алмайды. Бұл күмән туғызуы керек. Екіншіден, олар шет елде тіркелген. Құрылтайшылары белгісіз. Ақша шет елге шығарылады. Олардың өкілдері ақшаны қалай табатындарын және алынған қаражатты қайда салатындарын нақты, анық түсіндіріп бере алмайды. Оның орнына сіз маңызды серіктес пен жобалар туралы алдын ала дайындалған әңгімелерді естисіз, әдемі буклеттерді көресіз. Үшіншіден, олар сіз жаңа клиенттер әкелсеңіз, қосымша табыс төлейтіндерін уәде етіп үнемі ынталандырып отырады. Осы белгілердің барлығы Қазақстанда жарнамасы мен қызметіне тыйым салынған қаржы пирамидасына нақ кез болғаныңызды көрсетеді.
Сондықтан оңай пайдаға кенелемін деп алаяқтардың құрығына түсіп қалудан сақ болыңыздар. Ал егер осындай жағдайға тап болғанда құқық қорғау органдарына хабарлау сұралады.
Мырзакент кенті әкімі аппараты,
Мақтарал ауданы.
Қаржы пирамидасы Сақтық 2021-05-13