МАҚТА ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАРИХЫ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҰЖЫМЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Ауыл шаруашылығы
19/05/2021
72 Views
18 мамыр – Халықаралық мұражай күніне байланысты Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Атакент кентіне арнайы барып, Мақта шаруашылығы тарихы музейінің ұжымын құттықтады.
«Мұражай – мәдени, тарихи және көркем мұраны сақтайтын, ел азаматтарын өткенін білуге үгіттейтін, жастарды патриотизмге тәрбиелейтін құнды орын болып саналады. Осы мереке қарсаңында Мақтаарал ауданының құрылуына тікелей негіз болған ақ алтынымыз мақта шаруашылығының өткенін, тарихын ел азаматтары мен жастарға түсіндіріп жүрген еңбектеріңізге үлкен алғыс білдіремін. Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!» – деді Бақыт Насырханұлы.
Ұжымды шын жүрекпен құттықтаған аудан басшысы мұражайдың ішін аралап, құнды жәдігерлермен танысты. Мұражай экспозициясының алғашқы залында 1913-1945 жылдар аралығы суреттеледі. Мұнда Мырзашөлдің панорамасымен басталып, суландыру жұмыстары, алғашқы мақта егу құралдары мен техникалары, «Мақтаарал» совхозының алғашқы директоры, Социалистік Еңбек Ері А.Орловтың жұмыс кабинеті, соғысқа дейінгі мақта сорттары, 1910 жылғы «Максим» пулеметі, 1917 жылғы мылтықтар мен тұрмыстық заттар орын алған. Музейдің кейінгі экспозициясы 1946 жылдан басталып, қазіргі уақыт аралығын қамтыған. Мақтаны өлшеу құралдары, мақтадан алынатын өнімдер, ауданда ерен еңбек еткен адамдардың өмірі туралы кеңінен мәліметтер берілген.
Мұражайды – Н.Хрущев, Қазақстанның ОК I-хатшысы Д.Қонаев, қазақ вальсінің королі Ш.Қалдаяқов, сондай-ақ АҚШ-тың, Бразилияның, Моңғолияның, Қытайдың, Кубаның, Венгрияның, т.б. дүниежүзі елдерінің делегациялары тамашалаған. Келген қонақтардың қолтаңбалары қалдырылған кітапты экспозиция залынан көруге болады.
Мақта шаруашылығы тарихы мұражайы 1944 жылы құрылған. Ал, ғимараты 1930 жылы салынған. 1944 жылы «Пахтаарал» (қазіргі Мақтарал ауданы) совхозының құрылғанының 20 жылдығына арнап ауыл шаруашылығы көрмесі ұйымдастырылды. Осы көрмеден кейін кеңшар қаулысы бойынша шаруашылықтың егіншілік саласындағы қол жеткізген табыстарын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатымен мұражай құру туралы шешім қабылданған.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мақта шаруашылығы мұражайы Марапат 2021-05-19