ЖОМАРТ ТҮЛЕК-2021
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам
02/06/2021
55 Views
Меркі ауданында облыс әкімі Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлының бастамасымен қолға алынған «Жомарт түлек» жобасы өз жалғасын тауып, мамыр айының 29-ы күні «Жомарт түлек» жобасы өткізілді.
Бұл жобада Меркі өңірінен түлеп ұшқан, жас ұрпаққа үлгі болатын,туған жерін көркейтуде елеулі еңбектері сіңген азаматтар мен азаматшалардың бірқатары және сол жомарт түлектерге тәлім-тәрбие берген ұлағатты ұстаздары бас қосты. Әрқайсысы өздерінің атқарған істерімен таныстырып, ізгі тілектерін білдірді. Солардың ішінде мәдениет саласынан – Мұхтар Рахманқұлов, Әріпбай Мұсапанов, білім саласынан – Мадет Қожакеев, Райхан Бостанова, танымал дизайнер – Айдархан Қалиев, жас журналист Айзада Жамақұлова және тағы басқа да азаматтар болды.
Аудан әкімі Руслан Маратұлы Нұрсипатов құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің, облысымыздың, ауданымыздың көркеюіне ерекше атсалысып, оның қарқынды дамуына қомақты үлес қосып жүрген түлектеріміздің жетістіктері – бүгінгі таңда ауданымыз үшін зор мақтанышқа ие болған ұлағатты іс екенін атап өтті. Әрі осындай жобалардың жалғасуы мен жомарт түлектердің табысты өмір жолдарын таныстыруы жас ұрпаққа үлгі болары анық,- деді.
Іс-шараға атсалысып келген жомарт түлектерге өзінің Алғыс хаты мен «Абай жолы» 4 томдық кітабын естелік ретінде тарту етті. Осы жомарт түлектердің ұстаздары, білім ардагерлері Базаркүл Темірбайқызы, Қайнаркүл Тәттіқұлова, Райса Шабановаға да орамал тарту етіліп, Алғыс хатпен марапатталды. Кездесу барысында түлектер өз өнерлерін көрсетіп, жас ұрпаққа дұрыс бағыт беретін ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Ақерке КӨКТЕУБАЙ,
№4 Тілеміс батыр жалпы орта білім беретін мектебі
11-сынып оқушысы.
Ақтоған ауылы, Меркі ауданы, Жамбыл облысы.
2021-06-02