13 МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Posted by: Қалмұрат
in Жаңалықтар
09/06/2021
14 Views
Мақтаарал ауданында 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – аудан тарихының құрылыс саласындағы рекордтық көрсеткіші. Тіпті, іріленген Мақтаарал ауданы кезінде де бір уақытта мұншалықты көп мектептің құрылысы жүрмеген. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге берген брифингінде аудан әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді.
«1200 орындық 1 мектеп, 300 орындық 2 мектеп, 200 орындық 8 мектептің және 100 орындық 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы 13 білім беру нысанының 8-і биыл пайдалануға берілетін болады. Қалған 5-еуі 2022 жылға өтпелі. Ол үшін облыстық бюджеттен жалпы конкурстық құны 9,9 миллиард теңге қаржы бөлінген» – деді Бақыт Насырханұлы.
Аудан басшысы мақталы өлкеде құрылыс саласының қарқынды жүруіне тікелей облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ықпалы зор екенін және ол үшін облыс басшысына мақтааралдықтардың алғысы шексіз екенін айтты. Сонымен қатар, салынып жатқан мектептердің барлығы пайдалануға берілгеннен соң ауданда ыңғайластырылған мектептер мүлде болмайтынын ерекше атап өтті.
Мақтааралда өте өзекке ие болған мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру нысандарын ішкі және модульдік әжетханалармен жабдықтау мәселесі де өз шешімін тапқан екен. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 24 мектепке модульді жылы әжетханалар орнатылыпты.
Айта кетейік, оқушылардың қауіпсіздігі сақтау мақсатында бейнебақылау камераларын орнату үшін 159,7 миллион теңгеге және 27 мектептің сыртқы қоршауларын күрделі жөндеуден өткізу үшін 487,5 миллион теңге, дабыл түймелерін орнатуға 1,3 миллион теңге, турникеттер орнатуға 52 миллион теңге қаржы қарау мақсатында облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына есептемелер де ұсынылған.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
2021-06-09