АУДАН ӘКІМІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІ МАРАПАТТАДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Билік, Мерекелік шара
22/06/2021
73 Views
23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күні. Осы кәсіби мереке қарсаңында аудан әкімі Бақыт Асанов белсенді еңбек етіп жүрген бір топ мемлекеттік қызметшілерді арнайы құттықтап, алғыс хатпен марапаттады.
«Құрметті әріптестер, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру – қиын және ұзақ үрдіс. Сіздің беделіңіз – мемлекет беделінің бір бөлігі екенін ешқашан естен шығармаңыз. Мемлекеттік қызметкердің басты қағидасы – халыққа қызмет ету. Халықтың игілігіне жұмыс істеп, елге қолайлы жағдай туғызуымыз керек. Мемлекеттік органға шағымданған, жүгінген кез-келген адам, мемлекет көрсетуге тиісті қызметтің барлығын еш сергелдеңсіз, дер кезінде және сапалы түрде алуы тиіс. Сондықтан да, бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге табыс тілеймін. Абыройлы болыңыздар!» – деді Бақыт Насырханұлы.
Жалпы Егеменді еліміз ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңнама қабылдап, қызметтік мансап жүйесін ендіріп, әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін құрды. Қазақстанда бұрынғы Кеңестік мемлекеттердің ішінде алғаш рет мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу енгізіліп, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру жөніндегі түрлі шаралар іске асырылды.
2002 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында бұл күнді «Мемлекеттік қызметшілер күні» деп жариялады. Осы бастаманы қолдаған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 23 маусымды «Мемлекеттік қызметшілер күні» деп бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. 2011 жылы 21 шілде күні Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі жаңа моделінің Тұжырымдамасы қабылданды. Бұл Тұжырымдама мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастырудың негізгі бағыттарын айқындап, оны рәсімдеуге және әрі қарай дамытуға бағытталған нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге негіз болады.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мемлекеттік қызметкерлерді марапаттау 2021-06-22