СЫНЫПТАСТАРЫНА ҮЙ СЫЙЛАДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет
25/06/2021
9 Views
Шардара қаласындағы N1 «М.Әуезов» атындағы жалпы орта мектебін 2001 жылы бітірген түлектері мен «Харекет» қайырымдылық қоры бірігіп, облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы аясында жалғызбасты анаға 3 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Көңіл толқытарлық іс-шараға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев қатысып, үйлі болған Гауһар Әшімханованы құттықтады. Алдағы уақытта да қоғамды ізгілікке, мейірімге жетелейтін бастамалар жалғаса береріне сенім білдірді.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бақылауында тұрған бағдарламаның жұртшылық тарапынан қызу қолдауға ие болып, жыл басынан бері бір ғана Шардара ауданының өзінде қайырымдылық арқылы беріліп жатқан бұл алтыншы баспана екенін айтқан Бауыржан Қуанышбайұлы ізгі шараның жүзеге асуына атсалысқан азаматтарға алғысын айтты.
Жалғызбасты ана 11 жылдан бері үй жалдап тұрып келген. Үш перзентінің ортаншысы тумысынан мүмкіндігі шектеулі болғандықтан бала күтімімен жұмысқа да орналаса алмай жүр. Ағайын-туыстары күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз етуде қолұшын созғанымен жеке баспана алып берудің реті келмеген.
Өткен жылдың өзінде елдің жомарт, отаншыл азаматтарының қолдауымен бағдарлама аясында 20-ға тарта үй қайырымдылық шаралары арқылы мұқтаж отбасыларға тапсырылып, азық-түлік, қаржылай және өзге де көмектер көрсетілген.
Шара соңында ізгіліктің шапағатын көріп, өз үйінің табалдырығын аттаған Гауһар Базарбайқызы көмек қолын созған барша азаматтарға алғысын білдірді.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
2021-06-25